379.46 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында үш ауысымды мектеп мәселесі жойылады

  • 156
  • UPD: 11:47, 30.04.2019

Жезқазған қаласында дарынды балаларға арналған мектеп құрылысы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұрын өңірде мұндай білім ошағы болмаған. Талапты жастар өзге шаһарға барып оқуға мәжбүр еді. Енді олқылық жойылып әрі үш ауысымдық мектеп мәселесі де біржола шешілгелі отыр.

Жезқазған қаласындағы №1 орта мектептің оқушысы Тоғжан Жүнісбек – республикалық олимпиадалардың бірнеше мәрте жеңімпазы. 5-сыныпта оқып жүргенде облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған мектепке ауыспақшы болған, бірақ отбасылық жағдайы келмепті. «Енді жаңа білім ошағы жалынды жастарға үлкен мүмкіндіктер ашады», – дейді ол.

Тоғжан Жүнісбек, №1 орта мектеп оқушысы:

– Менің де кезінде осындай дарынды мектепке көшіп кеткім келген еді. Бірақ мен сияқты басқа да балалар отбасылық жағдайдан мүмкіндіктері болмай қалады. Сондықтан да Жезқазған қаласында осындай дарынды оқушылар мектебінің ашылғанын қалаймын. 

№1 мектептің 1600-ден астам оқушысы қазір үш ауысыммен оқып жатыр. Себебі қала орталығында орналасқан білім ошағына сұраныс жоғары. Енді жаңа мектеп салынса, бұл мәселе біржола шешілмек. Айта кетейік, соңғы 11 жылда Жезқазғанда бірде бір білім ошағы салынбаған. 

Әбдірахман Досанов, №1 орта мектептің директоры:

– Бұл мектептің сыйымдылығы – 1150 бала. Сондықтан оған дейінгі аралықта мүмкіндігіміз бойынша, ата-аналарға түсіндірме жұмысын жүргізіп, жіберуіміз мүмкін.

Дарынды балаларға арналған өңірдегі алғашқы мектептің құрылысына қазынадан 1 миллиард 200 миллион теңге қаржы бөлінген. 900 оқушыға лайықталған білім ошағының құрылысы келер жылы аяқталады.

Жеңіс Әлмағанбетов, Жезқазған қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Жезқазған қаласында мұндай мектеп болған жоқ. Дарынды балаларға арналған мектепті 2020 жылы береміз деп отырмыз. Енді Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау, Жаңарқа, Қаражалды қамтитын боламыз.

Жаңа мектепте мысты шаһардың маңайындағы елді мекендерден де оқушылар келіп оқитындықтан, келешекте мұнда интернат салынбақ.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы