386,44 428,48 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісулық бапкер Түрік-мәдени орталығына жетекшілік етеді

  • 464
  • UPD: 13:51, 07.05.2019

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталар тұста Қазақстанға Грузиядан жер аударылған ұлттардың бірі – месхеттік түріктер.

Олардың басым көпшілігі қазіргі кезде Алматы облысы Есік қаласында тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

«1944 жылы суық күз айында Грузияның таулы аймағынан осы елге қоныс аударып келгенде бізге кең пейіл танытып, жүрек жылуын силаған жергілікті халықтың жақсылығын ұмытуға болмайды. «Қазақ еліне қызмет істе» деген әкеміздің аманатын ешқашан естен шығарған емеспін», – дейді 68 жастағы отағасы Рафик Наргилов. 

Рафик Наргилов, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы:

- Әке-шешем өмірден озғалы біраз жыл болды. Егер сол заманда қазақ елі бауырына басып, кеңдік танытпағанда құмға сіңген судай жоғалып кетер едік. Сондықтан бір үзім нанын бөліп берген қазақтарға біз әрдайым қарыздармыз. «Балам, осы елдің отымен кіріп, күлінен шық» деп айтып отыратын еді әкем.  

Рафик Наргилов әке аманатына қиянат жасаған жоқ. Кіндік қаны тамған Есік қаласында балалар футболын көтеруге барынша атсалысты. Кейіннен аудандық және қалалық Армияшылар клубын жаттықтырды. Жеткен жетістіктері аз емес. Наргиловтан тәлім алған футболшылардың алды Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетті. Еңбегі ескерусіз қалмады. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанды.

Рафик Наргилов, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы:

- Мына кубок мен үшін өте ыстық. 1999 жылы Алматының ЦСКА-сымен қала біріншілігін ұтып алған болатынбыз. Өзім де осы Есіктің Торпедо командасында тер төктім. Кейінірек бапкерлікке бет бұрып, жергілікті дарынды балаларды тәрбиелеуге тырыстым.

Рафик Наргилов зейнет жасына шыққан соң да қол қусырып отыра алмапты. Есік қаласында Түрік-мәдени орталығына жетекшілік етеді. Халықтың бірлігі мен елдің тұтастығын нығайтуға қосқан үлесі үшін ауданның Құрметті азаматы атанды. Үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Ал жұбайы Жәннәт Ражапова қазақтың салт-дәстүрі мен тілін жетік меңгерген.

Жәннәт Ражапова, жұбайы:

- Қазақстанда тұрғаннан кейін қазақша білу керек. Сол үшін де қазақ сыныбына барсын, қазақша оқысын бәрі. Мен 10 сыныпты қазақша бітірдім. Қазақша сөйлеймін. Бұлар да оқысын, білсін.

Рафик ата мен Жәннәт әжей осы күні 8 немере 2 шөбере сүйіп отыр. 40 мыңға жуық халқы бар Есік қаласында бүгінде 17 ұлттың өкілдері тұрады. Татулығы мен бірлігі жарасқан елді мекеннің тұрғындары тек бейбіт өмір болғанын тілейді. 

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы