389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық құқық қорғаушылар ерекше акцияны қолға алды

  • 337
  • UPD: 15:31, 10.05.2019

Майдан жылдарындағы әуендер.

Ұлы Жеңіс мерекесі мен Отан қорғаушы күніне орай Павлодардың құқық қорғаушылары ерекше акцияны қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Ардагерлер тұратын үйлердің ауласында әскери әндер шырқалды. Ал облыстық Полиция департаментінің басшысы генерал-майор Амантай Әубәкіров ардагерлерді құттықтап, сый-сыяпат жасады. 

Кеңес Одағының батыры Құдайберген Сұрағанов атындағы көше. Салтанатты жағдайда сап түзеген құқық қорғаушыларға  тұрғындар таңырқай қарағаны рас. Жеңіс әуеніне елтіген жұртшылық әдемі көріністі сырттан бақыламай бейнетаспаға түсірді.

Ұлы Отан соғысының ардагері Петр Кунгуровтың шаңырағы  осы. Жасы 92-ге келген қария ұзақ жылдар ішкі істер саласында еңбек еткен. Мерекемен құттықтай келген әріптестерін әскери тәртіппен тік тұрып қарсы алды.

Ардагер  майданға 1944 жылы, 18 жасында Алтай өлкесінен алынған. Әскери борашын 297-атқыштар полкінде өтеген. Жапон соғысына да қатысыпты. Басынан кешкен оқиғалары аз емес. Пойыз жолын бөгеп тастаған қарсылас жақтың ауыр техникасын сым арқанмен тартып, 100 метрлік шыңырауда салбырап тұруға да мәжбүр болған. Жапондардың камикадзесімен бетпе-бет келген күн мәңгі жадында сақталған.

Петр Кунгуров, Ұлы Отан соғысының ардагері:

- Соғыс небәрі  29 күнге созылды. Жапонның камикадзелерінен  діңкеміз құрыды. Біз кірген бір ғимараттың іші жарылғыш заттарға толы екен. Пулеметке шынжырлап  байланған камикадзені көрдік. Ол танк колоннасына қарсы оқ жаудырған. Қирандының астында қалдық. Жан-жаққа шашыраған жарықшақтар мені де айналып өтпеді.

Аяғы мен үш қабырғасы сынып, басынан ауыр жарақат алған Петр Никитовичтің қалыпты өмірге оралуына 5 жыл кетіпті. Он тоғыз жасында қос балдаққа сүйеніп, ІІІ топтың мүгедегі атанған бозбаланы тек ерік-жігері алға жетелеген. Ардагердің еңбек өтілі – 49 жыл. Оның 20 жылы ішкі істер саласында өткен. Әскери оркестрдің құттықтауы  шынымен де тосын сый болды.

Ирма Цан, қала тұрғыны:

- Мен өмірімде бірінші рет көріп отырмын. Соғыс ардагерін ерекше  құрметтеп, шынайы құттықтап жатыр. Бүкіл аула болып тамашалап тұрмыз. Жеңіс үшін, соғыстағы ерліктері үшін бас иеміз.

Кенжеәлі Аралбаев, полиция старшинасы:

- Барша соғыс ардагерлерімізге мың алғысымызды айтамыз. Ата-бабаларымыздың  соғыс болмасын, жастар осындай қиыншылықтарды көрмесін, балаларымыз тек қана бейбітшілікте өмір сүрсін деген тілегі қабыл болсын.

Павлодарда Жеңіс шеруіне көзі тірі 72 ардагер қатысады. Бір жыл бұрын олардың саны 140 болған. Соғыс жылдары Отан қорғауға Ертіс өңірінен 46 мың адам аттанып, тең жартысы майдан даласынан оралмапты. 28 жерлесіміз Кеңес Одағының батыры атанған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы