384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда 44 көп балалы ана баспаналы болды

  • 662
  • UPD: 13:48, 18.05.2019

Алматыда 44 көп балалы ана баспаналы болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларға қала әкімі Бауыржан Байбек «Бақытты отбасы» арнайы әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы аясында алғашқы пәтер кілттерін табыстады.

Жуырда ғана ашылған «Бақытты отбасы» орталығының іші балаға толды. Осы бүлдіршіндердің несібесі болар, олардың аналары бүгін жаңа баспанаға қол жеткізді. Бұл – «Бақытты отбасы» арнайы әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы бойынша беріліп отырған алғашқы пәтерлер.

Ләйлә Нұрманова, көп балалы ана:

– Бес балалы анамын. 15 жыл болды тұрмысқа шыққаныма, содан бергі баспанамыз жоқ. Қуанып жатырмыз.

Алматыда баспана кезегін күткендер саны бүгінде 23 мыңға жуық. Ал Ләйлә Нұрманова жалпы кезекте 9303 болып тұрған. Бірақ ол қала әкімінің көп балалы аналарға жалпы кезектен бөлек «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пәтер беру жөніндегі шешіміне сәйкес бар жоғы 1 айдан астам уақыт ішінде баспаналы болды.   

Жанар Жұбаниязова, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымының орынбасары:

– Бұл бағдарлама бойынша алғашқы жарнасы 10 пайызбен, жылдық мөлшерлеме бағасы 2 пайызбен көп балалы отбасылар несие алуға қолдарын жеткізді.

Құны 15 млн теңгеден аспайтын жаңа үйлердің алғашқы жарнасын төлей алмайтын әр отбасыға қала бюджетінен 1 млн теңге сертификат берілген. 

Айбек Сайдельдаев, қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары:

– Бағдарлама бойынша қатысатын азаматтардың барлығына 1 млн сертификат беріледі. Қазіргі таңда 44-не берілді. 188-і рәсімделіп жатыр.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жуырда тағы 200-ге жуық көп балалы ана баспаналы болады. Жыл соңына дейін осындай 500-ден астам отбасыны қамтимыз деп отыр қала басшылығы. 

Авторлары: Алуа Маханбет, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы