378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында жерімізді жоңғардан қорғаған батыр зираты табылды

  • 242
  • UPD: 23:44, 18.05.2019

Павлодар облысының өлкетанушылары Дербісәлі батырдың зиратын таптық деп отыр.

Жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлігімен көзге түскен тарихи тұлғаның есімі Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде аталады. Бір қызығы, көнекөз қариялар батырдың жерленген жерін білгенімен көпке жариялауға асықпапты.

Дербісәлі батыр Железинка ауданының шығысындағы Марқатай ауылына жақын маңда жерленген. Бұл облыс орталығынан 300 шақырымдық жер. 

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Павлодар мен Омбының арасы. Осынау табиғаты керім, ақ қайыңды өлкеде кезінде Абылайханның солтүстік ордасы болған деседі. Тарихи деректерге сүйенсек, Абылайдың сенімді серігі Дербісәлі батырдың зираты осы маңға жақын жерден табылған.

Ауыл ақсақалдары көне зираттың барын бұрыннан білген көрінеді. Келден ағаны атасы он жасында әкеп көрсеткен екен. Ол өзін батырдың сегізінші ұрпағы санайды.

Келден Балтабаев,  ауыл тұрғыны:

- Атамның қолында өстім. Сонда осы жерге келіп құран оқитын атамыз марқұм. Біз осы жерге келіп тұрамыз. Сонда айтатын маған мына жерде жатқан сенің атаң Дербісәлі, батыр бабаң жатыр дейтін.

«Кішкентай  зират болатын» деп еске алады Келден аға. Бірақ атасының өсиетімен ешкімге айтпауды жөн санапты. Ескіліктің сарыны деген желеумен  ол кезде киелі орындардың көпшілігі жойылып кеткен. Мұны ауылдың өзге тұрғындары да жоққа шығармайды.

Аманжол Хамит, ауыл имамы:

- Әйтеуір түгелі біледі осы Марқатай маңайында жерленген екенін. Бірақ орнын ешкім білмейді екен. Совет үкіметі кезінде де осы батырларымызды, қажыларымызды, үлкен-үлкен тұлғаларымызды жарыққа шығаруға рұқсат бермеген ғой. Енді мына жерде Дербісәлі батыр Марқатай міне осы жерде тұр 4-5 шақырым жерде орналасқан. 

Бір қарағанда бұл жерде көне зират болғанын білдіретіндей еш белгі жоқ. Төмпешіктерді зират деп топшылаған жұрт құрбан шалып, тасаттық береді екен. Кезінде болған қоршау тың игеру басталған өткен ғасырдың 50-жылдары бұзылған. Ара-тұра бұл жерлерден көне заттар да  табылып жатады. Солардың бірі мына қылыш. Бәлкім бұл қазақ батырының жауға шапқан қаруы болар.  

Марғуаш Адамова, Железинка аудандық кітапханасының директоры:

- Уақтан шыққан Дербісәлі батыр осы жерде жатыр рухы деген сол бір мәліметке кез болдық. Сол енді кітапханашылар болып өзімізше ары қарай соны біз зерттеуге кірістік.

Бүгінде Железинка ауданының тарихы археологтардың назарын өзіне аудартып отыр. Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Павлодар педагогикалық университетінің жанынан құрылған Марғұлан орталығының мамандары көп жұмыс атқарды. Аудан халқы Дербісәлі батырдың жерленген жеріне бір белгітас қойылғанын қалайды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы