378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысының диқандары көкөністен 3 рет өнім алуды жоспарлап отыр

  • 121
  • UPD: 15:37, 04.06.2019

Түркістан облысы Арыс ауданының диқандары биыл көкөністен үш рет өнім алуды жоспарлап отыр.

Былтыр осы жаңашыл әдісті өңірдегі Келес, Жетісай, Мақтаарал ауданының шаруалары тәжірибеге енгізіп, сәтті жүзеге асырған болатын.

Жердің бабын тауып, ауа райының қолайлы кезінде іске кіріскен мына Арыстық диқандар биыл 5 гектар жерге қырыққабат еккен. Наурыз айында отырғызылған көкөніс қазір түйін байлап, жайқалып тұр. «Көктемгі алғашқы өнімге әдейі қырықабатты отырғызамыз. Өйткені ол ерте көктемдегі суыққа төзімді келеді»-дейді шаруалар. 70 күнде пісетін қырыққабатты маусымның ортасында жинап алады. Одан кейін екінші кезеңде қияр мен қызанақ көшетін отырғызады. Қияр 40 күнде, қызанақ 50 күнде піседі. Оны теріп алғаннан кейін тамыз айында жерді қайта қопсытып, жүгерінің дәнін себеді. Қазан айында жүгері де өсіп жетіледі.

Кенжебек Әбдірайымов, кооператив төрағасы:

- Алғаш рет егіп отырмыз. Бұрын екі өнім алатынбыз, бірақ үш өнім алып көрмедік. Енді үшінші өнімге үлгеруге болады. Жүгеріні біз енді пісіріп алмаймыз. Бордақылап отырған малдарымыз бар, соған силске орып аламыз. Осылайша үш өнімді қазан айына дейін жинап, теріп аламыз деген мақсатымыз бар.

«Бір маусымда жерден үш рет өнім жиып алу аграрлық сала үшін де, шаруаға да тиімді»-дейді мамандар. Өйткені өнім көлемі артады. Мақта егуге қарағанда табысы да 4-5 есе ұлғаяды. Бұл әдісті қазір облыстағы Келес, Жетісай, Мақтаарал және Арыс аудандарының шаруалары сәтті жүзеге асырып келеді.

Таңатар Жақыпбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Үш өнім еккен жағдайда 2 млн теңге қаржы шығындап, 4,5 млн теңге табыс табуға болады. Өткен айдың 20-21 жұлдызында семинар кеңестер өткізілді осы үш өнім алу жөнінде. Кентау ауданының Шаға ауылында 2 гектарға қырыққабат  егілді. Одан кейін Келес ауданының Бірлесу ауылында 6 гектарға  үш өнім алу жөнінде тәжірибе жүргізіліп, көкөністер егілді. 

Енді жаңашыл әдісті өңірдегі Төле би, Ордабасы аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларына да енгізу жоспарланып отыр. Ол үшін қазір аймақтағы диқандар тың тәжірибені шаруашылыққа бейімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ербоат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы