389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда жаңа баспаналық жоба қолға алынды

  • 581
  • UPD: 21:31, 05.06.2019

Қазақстан ипотекалық компаниясы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Білім және ғылым министрлігі арасында жалдамалы пәтер беру туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Жаңа тұрғын үй жобасы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. Және ол дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған.

«Мемлекет басшысы құзырлы органдарға тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Тағы бір айтып өтетін жайт, денсаулық саласында кадр тапшылығы бар. Оның бірнеше себебі бар. Атап айтқанда, жалақының аз болуы, бұл сұрақты шешу мақсатында Үкіметтің тапсырмасына сәйкес осы жылдың 30 маусымынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға көтерілетін болады. Оны орындау үшін бүгінде қажетті нормативтік құжаттар қабылданды. Дәрігерлердің екінші мәселесі - ол тұрғын үй. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласында 400 мыңға жуық маман жұмыс істейді, олардың 170 мыңы - мейірбикелер және 60 мыңы - дәрігерлер. Біздің мәліметіміз бойынша денсаулық сақтау саласында қызмет ететін 15 мың адам баспанаға зәру. Осы тұрғыда бүгінгі ҚИК-мен жасалатын келісім дәрігерлердің баспана мәселесін шешуге үлесін тигізеді деген ойдамыз. Осы келісімнің аясында 1,5 мың адам баспаналы болады», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Бағдарлама аясында алдағы 2-3 жыл ішінде 3 мың отбасы меншікті тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады.

«Парламент Сенатының төрайымы Дариға Назарбаеваның ұсынысы бойынша Қазақстанның ипотекалық компаниясы білім беру және денсаулық сақтау саласы қызметкерлері үшін тұрғын үйді ипотекалық несиелендіру бойынша арнайы бағдарлама әзірледі. Жалпы біздің компания 2015 жылдан бастап сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлер салу мен сатып алуды қаржыландырып келеді. Осы күнге дейін біз Қазақстан бойынша 18 мыңнан астам отбасыны баспанамен қамтамасыз еттік. Бүгін екі бірдей министрлікпен келісім жасалып отыр. Соған сай министрліктер бізге тізім береді, одан арғы жұмысты біз атқарамыз. Алдымен отбасының табыс көзі мен төлем жасай алу қабілеті тексеріледі. Содан соң бізден келісім жасап, пәтерге ие бола алады», - деді Қазақстан ипотекалық компаниясының басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов.

Оның айтуынша, аталған жобаға қаражат (40 млрд теңге) мемлекет бюджетінен емес компанияның жеке есебінен жұмсалады. Және алдағы 2-3 ай көлемінде тұрғын үй беріле бастайды.

Сондай-ақ, ҚИК басшысы жалдамалы тұрғын үй жобасына қатысудың талаптармен де таныстырып өтті.

«Пәтерді жалдау мерзімі 20 жыл және бастапқы жарнаны төлеудің қажеті жоқ. Сонымен қатар, тұрғын үйді кез келген уақытта сатып алу мүмкіндігі беріледі. Одан бөлек, отбасының табыс көзі жетпеген жағдайда кепілгерлерді тарту мүмкіндігі қарастырылған», - деді ол.

Хабар 24 телеарнасы