378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-дағы өзен-көлдерде су тапшылығы туындады

  • 126
  • UPD: 15:44, 06.06.2019

Батыс Қазақстан облысында биыл қардың қалыңдығы жылдағыдан екі, кей жерлерде үш есе артық болғанымен, өзен-көлдерге су толмай қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар бұны жерде тоңның болмауымен байланыстырып отыр. Салдарынан Бітік, Дөңгелек, Киров секілді ірі су қоймаларына қажетті су мөлшерінің 60% ғана түссе, көктемде Жайықтың деңгейі былтырғыдан екі есе төмен болған. Егер жыл сайын Каспий теңізіне өзен арнасымен 11 миллиард текше метрге дейін су жетсе, биылғы болжамды көрсеткіш 5 миллиард текше метр ғана. Бастауын Ресейдің Саратов облысынан алатын Қараөзен мен Сарыөзенде де жағдай мәз емес. Көрші өңірдің өзінде 12 су қоймасы жартылай толған. «Мұндай жағдай дала өрті қаупін күшейтіп, бау-бақша шаруашылығының дамуына кері әсер етеді», – дейді мамандар.

Махамбет Ықсанғали, облыстық табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары:

- Ресейден биыл сатып алынатын судың көлемі – 86 млн текше. Жайық суы сатылмайды. Ол тегін. Жақында ғана облыс әкімінің бірінші орынбасары Есқалиев үлкен делегациямен барып сөйлесіп, келісіп келді. Жалпы, біздің көрші мемлекетке қоятын талабымыз секундына 100 текше берсе деген үмітіміз бар. Бірақ жаз бойы олар 15 текше секундтан артық су берген жоқ.

Хабар 24 телеарнасы