386,44 428,48 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайда қоғамдық көліктердің басым бөлігінің тозығы жеткен

  • 543
  • UPD: 15:43, 08.06.2019

 

Автопарк басшыларының айтуынша, автобус паркін жаңартуға мүмкіндіктері жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Лизингтік бағдарламаның пайызы жоғары, ал өтеу мерзімі қысқа. Олар енді мемлекет тарапынан субсидиялық қолдау көрсетілсе деп отыр.  

Мұхтар Анарбаев бүгін тағы да автобусын жөндеумен әлек. Тізгіндейтін көлігі 90 жылдары шығарылған. Сынып, істен шыққанына бір аптадан асты. Еңбекақыдан ұтылғаны былай тұрсын, қосалқы бөлшектерге өз есебінен шығындалуға мәжбүр.

Мұхтар Анарбаев, автобус жүргізушісі:

– Тозған. Моторын жөндейміз 2-3 жыл сайын. Мысалы доңғалақты екі жыл сайын ауыстырамыз.

Бұл базада 60 шақты автобус бар. Жай-күйлері ескі. Тасымалдаушының түгелімен жаңғыртатын жағдайы жоқ. Жергілікті зауытта шығарылатын бір техника 38 млн теңгеге бағаланады. Қалта көтермейтін сома. Ал қазіргі лизингтік бағдарламалар тиімсіз.

Юрий Панасенко, тасымалдаушы компания директорының орынбасары:

– Проценті жоғары, несие мерзімі қысқа. Көп дегенде 3-4 жыл ғана. Бұл аралықта сатып алған автобусымызды ақтай алмаймыз. Мемлекет тарапынан процент мөлшерлемесін төмендетіп, несие мерзімі ұлғайтылса деген өтінішіміз бар. 

Қостанайлықтар жол ақысына 80 теңге төлейді. Тасымалдаушылар үшін тиімсіз тариф. Олар ең кемі 100 теңгеге көтеруді талап етеді.

Нұралы Есіргепов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі:

– Бұл мәселе әлі реттелген жоқ. Тариф 2014 жылы бекітілген. Сол уақыттан бері дизель отынының бағасы едәуір қымбаттағанын жақсы білесіздер.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

– Қостанай қаласы бойынша күніне 300-ге жуық автобус бағытқа шығады. Олардың дені Кеңес Үкіметінің қалдығы екенін жоққа шығаруға болмас. Мысалы, мына 8-бағыттағы қоғамдық көліктің қала ішімен қатынап жүргеніне 15 жылдан асыпты.

Көне автобустар адам өміріне қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Олардың қолдану мерзіміне шектеу жасау, заманауи бақылау құралдарын пайдалануды міндеттеу сияқты талаптар қою тағы тиімсіз.

Жолаушылардың басқа амалы жоқ. Олар мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмейінше, ескі көліктермен қатынауға мәжбүр.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы