389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Жусан» операциясы бойынша 357 бүлдіршін Қазақстанға жеткізілді

  • 1007
  • UPD: 14:05, 15.06.2019

«Жусан» гуманитарлық операциясы барысында 357 бала Сирия еліндегі оқ пен оттың ортасынан құтқарылып, отанына қайтарылды. 

Бүлдіршіндердің 27-сі ата-анасынан айырылған. Гуманитарлық операцияның үшінші кезеңі 28-31 мамыр аралығында іске асты. Оны еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен мемлекеттік органдары халықаралық әріптестерімен бірлесіп атқарды.

Бұл азаматша – Сирияны жұмақ санап кеткен көптің бірі. Алайда сенімі ақталмады. Аштық пен соғыстың ортасына түсіп, өмірі сергелдеңге айналды. Ең сорақысы, бауыр еті баласынан айырылды. Енді аман қалған ұл-қызын Қазақстанға жеткізіп, отанына адал азамат етіп тәрбиелеуге ниетті:

- Қыздар күліп, бес жылдан кейін өміріңді қалай елестетесің деп сұрайды. Мен толық ем алып, табысты бизнес-леди боламын. Жеке автокөлігім, кәсібім болады деп жауап қайтардым. Өз елің мен жұртыңды сүюің керек. Өзгелер де сені құрметтеп сыйласын десең, өсек-өтіріктен аулақ болу маңызды. Себебі өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтамын. Шынайы жүзің ашылғанда өзгелердің сенімімен қатар өзіңді де жоғалтасың.

Бүгінге дейін соғыс оты шарпыған Сирия жерінен жалпы саны 524 қазақстандық шығарылды. Оның 30-ы – ер азамат, 137-сі – әйел. Барлығы арнайы бейімдеу орталықтарына орналастырылған. Олармен психолог, теологтар жұмыс істеп қоғамға дайындап жатыр. Сыртта жүріп, ұмытыңқыраған ана тілін де осы жерде үйретеді.

Гүлназ Раздықова, Павлодар қаласы дінаралық қатынастар және сараптама орталығының директоры:

- Бірнеше әйелді алып келді. Көбі тұйықталып қалған. Ондағы өмір туралы мүлде айтқылары келмейді. Өйткені азапты күндер кешкен. Соғыста жүріп жас келіншектер бауыр еті баласынан айырылған. Енді зардап шеккендерді Қазақстан қоғамына бейімдеу үшін арнайы бағдарлама жасалды. Сол бойынша жұмыс істей бастаймыз. 

Алғашқы лекпен Отанға оралғандардың көбісі жұмысқа орналасты. Балаларына құжат алып, балабақшаға беріп жатыр.

Айта кету керек, «Жусан» операциясының алғашқы кезеңі жыл басында, ал екіншісі мамыр айының алғашқы күндері орындалған. 

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Марал Аманжолова

Хабар 24 телеарнасы