384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет басшысы Көкшетаудағы ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын зауытқа барды

  • 118
  • UPD: 18:03, 15.06.2019

Асқар Мамин Ақмола облысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың экономиканы әртараптандыру бағытында берген тапсырмаларының және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының орындалу барысымен танысты.

Премьер-министр сапар барысында қарапайым заттар экономикасы, инвестиция, машина құрастыру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және туризм салаларының аяқалысына баса назар аударды.

Үкімет басшысы аймаққа келе сала Көкшетаудағы ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын зауытқа ат басын тіреді. Мұнда жылына 1 жарым мыңға жуық техника шығарылады. Өндіріс ошағы келешекте 5 мың дана техника құрастырып, 400 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Сол үшін жыл сайын жаңа өнім түрін игеріп келеді.

Азат Шегіров, дайындау цехының шебері:

– Біз биыл Беларусь тракторларын жинауды қолға алдық. Қазір осы цехтың жанынан тағы бірнеше өндіріс алаңдары салынып жатыр. Олардың құрылысы аяқталған соң, қазіргідей барлығы бір жерде емес, дәнекерлеу, жинау, құрастыру секілді процестер бөлек-бөлек жүргізіледі. 

Көкшетауда 2005 жылдан бері КАМАЗ жүк көліктері де құрастырылады. Бұл – Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы. Мұнда да биыл өндіріс қарқын ала бастаған. Ал зауыт жылына 1 мыңнан астам техника шығарып жүргенмен, бұл көрсеткішті екі есеге дейін арттыруға қауқарлы. Бірақ барлығы тапсырысқа байланысты. Көкшетауда енді мүгедектер арбасы да жасалады. Жергілікті зауыттардың бірі осындай жаңа өнімді Үкімет басшысының назарына ұсынды. Мемлекет қолдаса, өндіріс ошағы мұндай қондырғыларды көптеп шығаруға дайын.

Премьер-Министр сапар барысында «Қопа» көлінің жағасындағы қонақүйге де бас сұқты. Айта кетейік, жергілікті билік осы көлдің жағасын биыл түбегейлі өзгертуді жоспарлап отыр. Ал ішкі туризмді дамыту үшін қыруар жұмыстар атқарылмақ.

Сапар аясында Асқар Мамин Көкшетауда бірнеше шағын және орта бизнес нысандарында болып, қарапайым заттар экономикасы бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Ал облыстық әкімдікте өткен жиында Үкімет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, халыққа жасалып жатқан әлеуметтік көмектер туралы баяндалды. Мәселен, облыс әкімінің айтуынша, биыл әлеуметтік салаға 129 млрд теңгеден астам қаржы бөлу қарастырылған. Бұл қаражатқа 3 балабақша, 6 мектеп және 5 аурухана салу жоспарланып отыр. Ал атаулы әлеуметтік көмекті жыл басынан бері аймақта 116 отбасы алған. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы