384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Велосипед пен мопед жүргізушілерінің назарына!

  • 180
  • UPD: 10:30, 17.06.2019

Астанада да көлік кептелісіне тап болмай, діттеген жеріне дер кезінде жету үшін тұрғындар арасында қос дөңгелек көлік құралдарына сұраныс артқан.

Әсіресе, шағын әрі электр қозғалтқышы бар жылжымалы құрылғыға қызығушылар көп. Десек те, самокат жүргізудің өз ережесі бар.

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Төрт дөңгелекті темір тұлпарыңыз болса да, болмаса да, қала ішіндегі қозғалысқа екі дөңгелекті көлік құралы қолайлы екені белгілі. Әрі денсаулыққа да пайдалы. Алайда болашақта самокат немесе велосипед сатып алатын болсаңыз, бұл сізді жол ережесін сақтау міндетінен босатпайды.

Велосипедке отырғанына шамамен 2 ай болған елордалық Глеб Уәлиахметовтың айтуынша, Ботаникалық саябақтан қаланың оң жағалауына жету үшін небәрі 1 сағат кетеді екен. Бірақ асыққан кезде арасында жол ережесін амалсыздан бұзуға тура келетіндігін жасырмады.

Глеб Валиахметов, қала тұрғыны:

– Ондай сәттердің болғаны рас. Мәселен бүгін таңғы уақытта жаяу жүргіншілер жолағынан бағдаршамға қарамай өтіп кеттім. Өйткені жолда көлік болмады. Бірақ өзгелерге мұндай қателік жасамауға кеңес беремін.

Софья Марсиловская, қала тұрғыны:

– Әрине велосипедшілер көлік жүргізушілеріне жол беруі тиіс. Өйткені алғашқылары үшін дер кезінде тоқтай салу еш қиындық туғызбайтыны рас. Көлемі де шағын. Кез келген тұраққа сыйып кетеді.

2017 жылы жаяу жүргіншілер қатарына жатқызылған электр самокат қолданушылары өткен жылдан бастап «мопед жүргізушілері» ретінде саналады. Осыған байланысты аталған көлік құралын пайдаланушылар велосипед жолағымен, болмаса жол жиегімен жүруі тиіс. Ал тротуарда жүргізуші самокатынан түсіп, жаяу жүруі керек. Оның үстіне жүргізушінің жасы 16-дан асуы қажет.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:

– Осы талаптарды орындамаған жағдайда ҚР-ның Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 615-бабының 1-тармағымен айыппұл салынады. Яғни 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Қазіргі таңда жыл басынан бері 67 мың 500-ге жуық адамдарға әкімшілік айыппұл салынған.

Ал сегвей, гироскутер мен моно-дөңгелек қолданушылар «жаяу жүргіншілер» санатына жатқызылған. Осыған байланысты оларға велосипед жолағымен жүруге тыйым салынған.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Әділғазы Төлеміс, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы