388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда полиция қызметкері сатушыны пышақ кезеген бұзақыдан құтқарып қалды

  • 474
  • UPD: 22:44, 19.06.2019

Батырлар тек соғыста емес, бейбіт заманда да өзінің елге үлгі боларлық ерлігімен танылып жатады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Солардың бірі – алматылық Елмұрат Омар. Қылмыстық полиция бөлімінің қызметкері қала дүкендерінің бірінде сатушыны пышақ кезеген бұзақыдан құтқарып қалды.

Оқиға 14 маусым күні 20:00 шамасында Алматы қаласының Түрксіб ауданында болған. 28 жастағы ер адам шағын маркетке кіріп сатушыны пышақпен қорқытып ақша талап етеді. Осы кезде дүкеннен қашып шыққан сатып алушы қыз көмек сұрап айқайлайды.

Елмұрат Омар, қылмыстық полиция қызметкері:

- Сол күні қарама-қарсы дүкенде болғанмын. Маған сол уақытта бір бейтаныс қыз жүгіріп келді. Ол көмек сұрады. Қарама-қарсы тұрған дүкенде бір бейтаныс жігіт пышақпен жүргенін айтты. Сол қыз екеуміз бірге дүкеннің ішіне кірдік. Бірден бір ер кісіні көрдім. Жанына келген уақытта қолындағы пышағын байқадым. Бірден сол қолындағы пышағына жармастым, ары қарай күрес тәсілдерін қолданып, қолындағы пышағын алдық.

Тонаушы бұрын да ұрлық жасағаны үшін сотталған болып шықты. Қазір уақытша қамауда отырған күдікті қылмыстық жауапқа тартылуда. «Егер сол күні сатып алушы қыз болмағанда және полиция қызметкері көмекке келмегенде не боларын елестетудің өзі қиын», – дейді дүкен сатушысы. 

Елмұрат Омар, қылмыстық полиция қызметкері:

-  Біздің міндет – қоғамдқ тәртіппен қамтамасыз ету. Қылмыстың алдын алу және қылмыспен күресу болып табылады.

Екі жылдан бері криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі қызметін атқарып жүрген Елмұрат небәрі 24 жаста. Өз саласын жетік білетін азамат білімі мен біліктілігінің арқасында аға лейтенант шеніне дейін өскен. «Менің бұл іс-әрекетім батырлық емес, өзімінің кәсіби міндетім деп есептеймін. Менің орнымда кез келген әріптесім дәл осындай қадамға баратын еді», – дейді Елмұрат Омар.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Қанат Қаматаев

Хабар 24 телеарнасы