384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысындағы ГМ172/6 түзету мекемесінде 200-ден астам сотталушы тұрақты табыс көзін тапқан

  • 228
  • UPD: 14:42, 23.06.2019

Маңғыстау облысындағы ГМ 172/6 қатаң режимдегі түзету мекемесінде 700-ге тарта сотталушы өз мерзімін өтеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың екі жүзден астамы сол жерде табыс көзін тапқан. Жалпы колония аумағында сегіз шағын кәсіпорын бар. Жазасын өтеуші өз қалауымен өндірістік тәжірибеден өтеді. Мұнан соң бостандыққа шыққанға дейін тұрақты еңбек етеді. Түзету мекемесінде кешкі мектеп пен колледж жұмыс істеп тұр. Яғни білімі жоқтарға аттестат пен куәлік алуына да жағдай жасалған.

Самат есімді жазасын өтеуші төрт айдан бері арнайы киімдер тігілетін цехта жұмыс істеп жүр. Алатын жалақысы – 20 мың теңге. Күнделікті жоспарды асыра орындаса айлығына қосылатын ақшасы тағы бар. Түрмеде жүріп тапқан табысының тең жартысын Ақтөбе өңіріндегі туыстарына жібереді екен. Бостандыққа шыққан соң осы тектес кәсіпорын ашып, іскер азамат болуды жоспарлап қойған.

Самат Оңдағанұлы, жазасын өтеуші:

– Басында қиын болды, әрине. Қазір ешқандай да қиындығы жоқ. Мемлекеттен орнатылған сегіз сағатымыз бар. Жоспар бойынша бір күнде 30-40 шақтысы тігіледі.

Колония ішіндегі келесі цехта ағаштан әртүрлі бұйымдар жасалады. Жазасын өтеушілер естелік сыйлықтан бастап тұрмыстық жиһазға берілген тапсырысты уақытында орындап жүр. Жалпы жұмысқа тұру алдында сотталғандар міндетті түрде үш ай өндірістік тәжірибеден өтеді. Осы аралықта шеберлігімен көзге түскендері бір жылдық келісімшарт бойынша қызметке тұрады.

Қатаң режимдегі түзету мекемесіне апробация қызметінің мамандары жиі келіп тұрады. Бостандыққа шығуына бір жыл қалған азаматтармен тілдесіп, келешекке құрған мақсат-жоспарымен танысады. Колонияда жасаған қызметін одан әрі жалғастыруды қаласа, сұранысына қарай әріптестік байланыстағы өндіріс орнына жолдама береді.  

Шолпан Құлтаева, ГМ172/6 түзету мекемесінің сотталушылармен тәрбие жұмысы бойынша инспекторы:

– Жұмысқа кіргізуден бұрын үшжақты келісімшарт түзіледі. Жеке кәсіпкермен, сотталған азаматпен және түзеу мекемесімен. Үш ай сынақ мерзімінде еңбекке қабілеттілігі анықталған жағдайда жұмыс жасайды. Әрі қарай үлгерімі жақсы болып кетсе бір жылға дейін бізде келісімшарты созылады. Қазіргі таңда 16 сотталған азамат пенитенциарлық пробация есебіне жатады. Олар мерзімінің аяқталуына байланысты босап шығады.

Оралбек Исатаев, Мұнайлы аудандық пробация қызметінің аға инспекторы:

– Пробация қызметінде 300-дей сотталушы есепте тұр. Біз қазір үш мекемемен жұмыс жасап жатырмыз. Бірі мындағы бөлім ішінде, сосын Мұнайлыдағы жұмыспен қамту және Ақтаудағы жұмыспен қамту орталығы. Бізден кірсе, өзінің мерзімі аяқталған уақыттан бастап сол жерде жұмыс жасап қала береді. Ендігі жоспарда жиырма шақты сотталушыны жұмыспен қамтығымыз келеді.

Босап шыққанға дейін әр сотталушы еңбек кітапшасынан бөлек, аттестат пен арнайы куәлік те ала алады. Аталған колония ішінде кешкі мектеп жұмыс істейді. Сондай-ақ түзету мекемесі бес түрлі техникалық білім беретін арнаулы оқыту мекемесімен де қамтылған.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы