384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда гуманитарлық орталық жұмыс істеп жатыр

  • 218
  • UPD: 23:31, 25.06.2019

Арыс қаласының тұрғындарына алматылықтар да барынша көмек қолын созуда, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қаладан бірнеше гуманитарлық орталық ашылып, әркім өз мүмкіндіктерінше көмек беріп жатыр. Жиналған азық-түлік пен киім-кешек және тұрмысқа қажетті заттар бүгін Шымкент қаласына жіберіле бастады.

Арыс тұрғындарының жағдайына алматылықтар да алаңдап отыр. Кешелі бері әлеуметтік желілер арқылы хабарландырулар айтылып, бүгін таң азаннан қалада бірнеше гуманитарлық көмек қабылдайтын орталықтар жұмысын бастап кетті. Солардың бірі – «Мен алматылықпын» қоғамдық қозғалысы.

Сәкен Шынболатов, Алматы қаласының тұрғыны:

– Мен кешегі жаңалықтардан, әлеуметтік желілерден көрдім. Қаншама балалар әке-шешесін таба алмай жылап жатыр. Сол балалардың көз жасын көріп, солардың күйін көріп, көмектеспеске болмайды деп шешім қабылдадым.

Jas Otan жастар қанаты ұйымдастырған «Арыс, біз біргеміз» шарасына қала тұрғындары да атсалысып жатыр. «Ойламаған жерден осындай қиын жағдайға душар болған арыстық ағайындарға қолдау көрсету бұл – біздің азаматтық борышымыз», – дейді Алматы қаласының жастары.

Мәди Ахметов, Алматы қалалық Jas Otan жастар қанатының жетекшісі:

– Біз әлеуметтік желіде осы «Арысқа көмек, Алматы» деген парақшаны аштық, сол парақшада сағат сайын бізге қандай көмек көрсетіліп жатыр, соның есебін беріп  отырмыз. Бүгін түнімен 24 сағат бойы жұмыс жасаймыз. Бір газельге сыятын зат дайын болған кезде, оны біз бірінші рейспен Шымкент қаласына жіберетін боламыз. 

Қашан да игі істердің басы-қасында жүретін алматылық еріктілер де бұл жағдайға бейжай қарап отыра алмады. Мұнда гигиеналық заттар мен әртүрлі тағамдар, сусындар, және балалар мен ересектерге арналған киім кешек, көрпе-жастық секілді тұрмысқа қажетті заттар әкеліп жатыр. «Одан бөлек арнайы есепшоттарға қаржылай көмек те аударылуда», – дейді еріктілер. 

Айсұлу Ерниязова, ерікті:

– Мұндай кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілік танытуымыз тиіс. Көріп отырсыздар, қаламызда қайырымды жандар аз емес. Әркім өз мүмкіндігінше көмек қолын созуда. 

Арыстықтардың басына қиын сәт туғанда бүкіл халық болып жанашырлық пен жомарттықтың үлгісін көрсетіп отыр. Бұл қазақстандықтардың ауызбіршілігін көрсетсе керек. 

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы