384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде проактивті тәсілмен көрсетілетін қызметтер саны артты

  • 281
  • UPD: 23:31, 27.06.2019

Проактивті әдіс енгізілген 1,5 жылда 70 мың бөбектің туу туралы куәлігі рәсімделді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

13 мың бала жәрдемақы алса, тағы 13 мың сәби балабақша кезегіне қойылған. Биыл бұл қызметтердің қатары толықты. Енді жаңа туған сәбиді осы тәсіл арқылы мекенжай тіркеуіне қоюға болады. Бұл үшін ата-ана мобильді азаматтар базасына тіркелуі тиіс. Айта кетейін, Қазақстан – ТМД аясында осынау мүмкіндікті пайдаланып отырған жалғыз мемлекет.

Айгүл Серікбаева бөбегін көтеріп Халыққа қызмет көрсету орталығына келді. Жас ана проактив әдісі арқылы тағы қандай қызмет түрі көрсетілетінін білмек екен. Себебі, ол перзентханада жатып-ақ баласының туу туралы куәлігін алды, жәрдемақыға өтініш қалдырып, тіпті сәбиін балабақша кезегіне қойып үлгерген. 

Айгүл Серікбаева, ата-ана:

– Бұл – екінші ұлым. Біріншісі қыз болған. Ол кезде мұндай мүмкіндік болған жоқ. Қазір үйден шықпай, таңертең кезекке тұрасың, кешке құжатың дайын.

Елімізде проактив әдісі арқылы мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі 1,5 жыл бұрын қолға алынды. Жаңа технологиялар сәбилі болған ата-анаға Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ баланың бар құжатын реттеуге септеседі. Ал биылдан бастап жаңа туған сәбиді шағын хабарлама арқылы мекенжай тіркеуіне қоюға мүмкіндік бар.

Жұлдыз Рахимова, ХҚКО маманы:

– Mgov.kz-қа қосылу керек, ЭЦҚ болуы керек. Сосын екі жұманың ішінде СМС келеді.

Жеке сәйкестендіру нөміріңіз бен ұялы телефоныңызды байланыстыру арқылы мобильді азаматтар базасына тіркеле аласыз. Жыл басынан бері цифрлық үкімет мүмкіндігін пайдалануға 1,2 млн-нан аса азамат ниет білдірген. Бүгінде олардың жалпы саны 7 миллионға жуықтады.

Әсем Досқали, қала тұрғыны:

– Балаларымды болашақта тіркеп отыруға, қарап отыруға, тексеріп отыруға, телефон нөмірімді тіркеу үшін келдім. Бұл өте ыңғайлы екен. Әсіресе жаңадан туып, үйде отырған келіншектерге өте ыңғайлы екен.

Смартфондағы mgov.kz қосымшасы арқылы 81 түрлі қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ базаға тіркелген азаматтар telegram-дағы egovkzbot көмегімен 25 қызметті пайдалана алады. Жоба авторларының айтуынша, жаңа технологиялар әлі де жетілдіріле береді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Асхат Қарағойшы

Хабар 24 телеарнасы