389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Парламент палаталарының бірлескен отырысында сессия жұмысы қорытындыланды

  • 389
  • UPD: 21:35, 05.07.2019

Парламент депутаттары каникулға кетті. Бүгін қос Палатаның бірлескен отырысында сессия жұмысы қортындыланды.

Жалпы, алтыншы сайланған Парламенттің төртінші сессиясының жұмысын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, нақты тапсырмалар берген еді.  Алда атқарылатын істер ауқымды. Каникул аяқталған соң Парламент мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған 10 бағыт бойынша қызметін жалғастырады. Тақырыпты тілшіміз тарқатады.

Мерзімінен кеш аяқталған сессияның жұмысын депутаттар әзір ұмыта қоймас. Себебі, елеулі, тарихи оқиғалар мен маңызды шешімдерге толы болды. Каникулды күткен депутаттар отырысқа көңілді кірді. Сессияның жабылуына Үкімет басшысы Асқар Мамин мен министрлер келді. Төртінші сессия кезінде 83 заң қабылданса, оның 82-сіне мемлекет басшысы қол қойып, өз күшіне енген. Мәжілісте 319 маңызы мәселе қаралған. Халықтың талап-тілегі мен өтініштері негізінде 300-ден астам депутаттық сауал жолданған.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Осы қабылданған әрбір заң ең алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық және әлеуметтік бастамаларын орындауға бағытталды. Әрбір заң сонымен бірге еліміздің дамуына, халқымыздың өмір сапасын жақсартуға серпін берді.  Ең бастысы қабылданған құжаттар  азаматтарды қолдауға және қорғауға арналды. Осының бәрі екі Палата депутаттарының бірлескен жұмысының нәтижесі деп санаймын. Осы орайда, Сенат та, Мәжіліс заң шығару жұмысына белсенді араласып, алған қойған бағыттар нәтижелі іске асырылды.

Мәжіліс Төрағасы өз сөзінде Түркістан облысы құрылғаннан кейін қыруар жұмыс атқарылғанын айтты. Кезектен тыс өткен Президент сайлауының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, елдің бас қаржылық құжаты- 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулер енгізілгенін жеткізді. Онда Президент тапсырған әлеуметтік міндеттерді орындауға көңіл бөлінгенін атап айтты. Аграрлық секторды, шағын және орта бизнесті дамытуға, цифрландыруды жүргізуге қомақты қаржы бөлінгенін тілге тиек етті. Ал, депутаттарға нәтижелі жұмыстары үшін алғыс айтты.

Ерболат Мұқаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Әлемде болып жатқан экономикалық-әлеуметтік құбылыстарға қарамастан, біздің елімізде экономикамыздың дамуы, әлеуметтік мәселелер қолға алынып, біркелкі шешілді. Оның бәрі сол Үкімет пен Парламент бірігіп, даму мақсатында және халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында көптеген заңдар қабылданған болатын.

Мәжіліс Төрағасы мен депутаттар кейбір заң жобаларының сапасына сын айтты. Техникалық қате өз алдына, мазмұны да мардымсыз болып жатады екен. Сондықтан, жобаны әзірлегенде «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» дұрыс дейді.

Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Алдағы сессияда Үкіметтің жұмысына талап қоюшылық, қабылданған шешімдерді қадағалау тұрғысынан Парламент жұмысы нәтижелі болуға тиіс. Кейінгі кезде Парламентте талқыланған заңдардың қызу талқылаумен өтуі әдеттегі жағдайға айналды. Мен, мысалы бір жағдайда айтайын. Тарихи мәдени мұраларды қорғау және пайдалану туралы заң жұмыс тобының жетекшісімін. Сол заң бір жылға жуық  талқыланып келе жатыр.

Алдағы бесінші сессияда да атқарылатын істер айтарлықтай.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10 бағыты басшылыққа алынады. Әлеуметтік мәселелер басты назарда болады. Экологиялық кодекс, халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс, сонымен бірге, мұғалімдердің мәртебесі туралы заң қабылдануы тиіс. 

Бекмырза Еламанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Әлеуметтік мәселелерге байланысты мына, ертең 2020-2021 жылдан бастап, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне көшеміз деп жатырмыз ғой. Осыған байланысты жақсы өзгерістер енгізілді заңға. Бұл өзгерістерге сәйкес, өзін-өзі қамтығандар, жұмыссыздар бәрі қамтылатын болды. Жақсы мәселе. Елдің қойып жүрген құрақтарының бірі еді. 

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз енді сайлаушыларымыздың көзіне, ашық қарай аламыз деп білеміз. Бірталай жұмыс атқардық маңызды. Әсіресе, «Ақжол» партиясы кәсіпкерлердің өкілі ретінде экономиканың дамуына, жекеменшік бизнестің дамуына көп үлес қосты деп айта аламыз. 

Каникулға шыққан депутаттар ауыл-елді аралайтындарын айтты. Сайлаушылармен жүздесіп, талап-тілектерін тыңдамақ. Арасында демалысқа да уақыт табатындарын жасырмады. Көбі отандық демалыс орындарын таңдапты.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Балалардың айтуынша, олар мына Жамбылға барайын деп жатыр. Түркістанға барайын деп жатыр. Әйелім Жетісудің қызы болғаннан кейін Алакөлге апарайын деп жатырмыз балаларды. Отбасы жиналып ақылдасайық деп отырмыз.

Депутаттар демалып, қыркүйекте тың күшпен оралатын болып тарасты. Қазіргі таңда Мәжіліс қоржынында 34 заң жобасы бар. Ол алдағы уақыттың еншісіндегі жұмыс.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы