389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында Елорда күнінде 330 пәтер ел игілігіне берілді

  • 317
  • UPD: 23:51, 06.07.2019

Елорда күнінде Алматы облысындағы 330 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көп қабатты тұрғын үйлер мемлекеттік бағдарлама негізінде салынып, ел игілігіне берілді.

Елорда күнінде талдықорғандық 230 отбасына пәтер кілті табыс етілді. 16 қабатты зәулім ғимараттар «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламасымен бой көтерген. Шаһардағы ең биік тұрғын үйге қоныстанып жатқандардың қатарында жас маман Айдана Бексұлтан да бар. Қаршадай қыздың үй алуына анасы Анаргүл Қалқабаева себепкер болыпты. Ол баласын баспанамен қамтып, әкесінің орнын жоқтатпау үшін үш жыл бойы төлем жасап келген.

Анаргүл Қалқабаева, Кербұлақ ауданының тұрғыны:

- Жолдасымның қайтқанына бес жыл болды. Көзі тірісінде қыздарыма баспана алып берсем деген арманым болатын. Сол арманы орындалды.Сезіміміз керемет боп тұр. Қуанышымызда шек жоқ.

Айдана Бексұлтан, жас маман:

- Жұмыс істегеніме 2 жыл болды. 22 жастамын. Өте қуаныштымын. 2019 жастар жылы мен үшін өте қолайлы болды. Осындай үй алып отырмын. Ата-анама рахмет.

Мереке күні Қаратал ауданындағы көп қабатты екі үйдің кілті де салтанатты жағдайда иелеріне тапсырылды. 100 пәтердің 25-і көп балалы отбасыларға берілді. Енді олар жалдамалы пәтер жағалап, өзгенің босағасын сағаламайды. Өз баспанасында бала шағасымен емін-еркін өмір сүреді.

Мәншүк Бекатарова, Қаратал ауданының тұрғыны:

- Біз көпбалалы отбасымыз. Бұл қуанышты жеті жыл күттік. 6 баламыз бар. Бұл үй жаңадан салынған үй. Көптен көп рахмет. Қуанышымызда шек жоқ.

Өңірде жыл соңына дейін 334 үйдің құрылысын аяқтау көзделген. Сонымен қатар 1300 пәтер де ел игілігіне берілмек.

Еркебұлан Ұсманбаев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Ағымдағы жылы даму мүмкіндігі жоғары 35 алқап анықталды. 2025 жылға дейін 4,3 млн шаршы метр болатын 115 мың пәтер салу жоспарланып отыр.

Алматы облысында «Бақытты отбасы» бағдарламасы қабылданған. Алдағы уақытта осы жоба негізінде де өңір тұрғындарын баспанамен қамту жоспарланып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы