384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арысты қайта қалпына келтіру үшін 34 млрд теңгеден астам қаржы қажет

  • 150
  • UPD: 14:47, 10.07.2019

Арыста 340 үй қалпына келтірілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде олардың қожайындары қайта қоныстанып, жайлы күй кешіп жатыр. Жалпы, 6 мыңнан астам ғимаратты жөндеу қажет болса, 149-ы қайта салынады. Бұдан бөлек, жарылыс салдарынан бүлінген 54 мектеп пен балабақшаны жаңа оқу жылына дейін қалпына келтіру жоспарланған. Бүгінде жөндеу жұмыстарына үш жарым мың құрылысшысы бар 168 мердігер компания тартылды. Мамандардың есебі бойынша, қаланы толықтай қайта қалпына келтіру үшін 34 млрд теңгеден астам қаржы қажет.

Айта кетейік, бұған дейін Арыстың әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден беру туралы шешім қабылданған болатын. Бұл көмекке қол жеткізу үшін азаматтардың 99 пайызы тиісті құжаттарын тапсырған. Ал саперлердің жұмысы жалғасуда. Олар қаладан және әскери қоймалардан 20 шақырым радиуста оқ-дәрі қалдықтарын іздестіріп, тазартып жатыр. Сондай-ақ жарылмай қалғандарын жоюда. Әскерилер тұрғындарға үрейленудің еш қажеті жоқтығын айтады.

Ұласбек Сәдібеков, Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі:

– Қазіргі таңда барлық тиісті дүкендер, кеңселер, дәріханалар, Халыққа қызмет көрсету орталықтары, базарлардың барлығы қалыпты деңгейде жұмыс істеуде. Арыс қаласы 17 секторға бөлінген болатын. Сонымен қатар 17 секторда әр он үйге бір белсенді азамат белгіленген. Осы тұрғыда қазіргі уақытта жұмыс жасап жатыр. Яғни  7916 отбасыға 800-ге жуық тұрғын жауапты болып отыр. Олар тұрғындарға атқарылып жатқан жұмыстарды түсіндіріп, мәселелерін анықтап, оларды шешу бойынша жұмыстарды атқаруда.

Хабар 24 телеарнасы