384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстық жігіт жарылыстан 80 баланы аман алып қалған

  • 196
  • UPD: 23:47, 13.07.2019

Ер есімін ел білуі керек.

Арыстағы жойқын жарылыстан 80 баланың өмірін аман алып қалған батыр бар, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. 19 жастағы Асқар Әбдіхалық әскери қойма өртке оранғанда бірінші болып бөбекжайдағы бүлдіршіндерге араша түсуге ұмтылған.

Асқар Әбдіхалық – ұяң жігіт. Әскери қойма қапыда жарылып, төңіректі өрт шалғанда бірден балабақшаға қарай ұмылған. Бүлдіршіндерді шағын автобусқа отырғызып, қала сыртына шығаруға тырысты. 

Асқар балаларды іргедегі Шымкентке жекізген. Арыстың өзге тұрғындары да жан сауғалау үшін сол қаланы бетке алған. Жолда ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Асқар бірақ тосылмады, бағытын дереу өзгертті. Өйткені бала өмірі ол үшін бәрінен қымбат еді.  

Елдің үрейін ұшырған сол күнді Гауһар Уәлиханова да қорқынышпен еске алады. Басқа балабақшаға меңгеуші болып жұмыс істейтін ол бүлдіршіндердің барлығы қауіпсіз жерге кетпейінше өзін қоярға жер таппаған.

Бұл бөбекжай әскери қойманың жанында. Жарыс кезінде сынықтар бұл нысанның түгін қалдырмапты. Балабақшаның екінші қабаты толығымен бүлінген. Абырой болғанда, бүлдіршіндер зардап шекпеді. 

Майра Амантаева, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрайымы:

– Балабақша қызметкерлері өте жақсы жұмыс атқарды. Бөбекжай меңгерушісінен бастап еден жуушыға дейін бір кісідей жұмыла білді. Ең бастысы, олар балалардың өмірін сақтап қалды. Сондықтан алғыстан басқа айтарым жоқ. 

Жарылыстан кейін ата-анасынан көз жазып қалған балаларды іздеу жұмыстары басталды.

Сапарбай Дәрібай, Арыс қаласы әкімінің орынбасары:

– Тұрғындар бір-бірлеріне көмектесті. Жарылысқа қарамай, көліксіз қалғандарды қауіпсіз жерге жеткізу үшін жанталасып жатты. Құзырлы орын өкілдері де тиянақты жұмыс атқарды.

Қала әкімдігі ел басына күн туғанда қарап қалған жанның болмағанын айтады. Бірі балаларға араша түссе, енді бірі қарттарға құрмет көрсетіп, қарайласып жатты.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы