386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаудағы дағдарыс орталығында өндіріс орны ашылды

  • 161
  • UPD: 11:00, 17.07.2019

Ақтаудағы жақынынан зәбір көргендерге арналған орталықта шағын өндіріс орны ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде дағдарыс орталығын балалары бар бес әйел паналап отыр. Енді олар уақытша тұрып жатқан жерінде табыс табуға мүмкіндік алды. Олар лағман мен кеспе созып, тұшпара пісіреді. Орталық басшылығы тапсырыстың өсуіне қарай енді құрал-жабдықтар алуды жоспарлап отыр.

Блиц:

Менің мамандығым - медицина саласы. Мынаған тіпті үйлеспейді. Бірақ өзіме осындай ас үйде жүріп, өнім жасауға қызығушылығым әуелден бар.

Екі перзенті бар Әйгерімнің дағдарыс орталығын паналап жүргеніне екі айдан асты. Жолдасынан зәбір көрген ол отбасына қайтып оралғысы келмейді. Орталық заңгерлері оның өз алдына жеке өмір бастауы үшін құжаттарын рәсімдеуге кіріскен. Өзі мұнда цех ашылатыны айтылған бойда өтініш жазыпты. Қазір келіп түскен тапсырысты көмекші қызбен бірге еркін атқарып жүр. Екеулеп тәулігіне екі келіден астам тұшпара мен лағман кеспесін дайындайды.

Әйгерім, дағдарыс орталығының тұрғыны:

- Қызым алтыда, бөпем кішкентай әлі. Қазір осы жерде тұрып жатырмын балаларыммен бірге әрі жұмыс көзім осы. Қаптамаға 500 грамнан салынады, күнделікті тапсырыс бойынша. Басшымыз қалай айтады, соны жасауға тырысамыз. Көптен көп рахмет айтамын.

Аналары жұмыста жүргенде балалар тәрбиешінің қарауында болады. Мұндағы ойын құралдарының әртүрлі түсте болуы тегін емес. Қабырғасы мен едені жасылмен сырланған ойын бөлмесі жеткіншектің бейтаныс ортада өзін еркін ұстауына әсер етеді. Ал көк пен сары түстес ойыншықтармен ойнау кезінде бала қойылған сұрақтарға еш қиындықсыз жауап береді.

Дағдарыс орталығының табыс табуға ынтасы бар тұрғыны жұмыссыз қалмайды. Мамандар шаштараз, аспаздық өнерден бастап тігіншілік пен компьютерлік сауат ашу курстарына жолдама береді. Мұнан соң олардың тұрақты қызметке тұруына жағдай жасайды. Орталық басшылығы тұшпара әзірлеу цехымен шектелмей, әлеуметтік сән салонын ашуды көздеп отыр.

Райхан Бекманова, дағдарыс орталығының директоры:

- Тұшпара әзірлеу цехында әзірге төрт адам жұмыс істейді. Штатта екі жұмысшы, оларды кәсіпке баулитын технолог пен дайын өнімді сатумен айналысатын менеджер бар. Ендігі кезекте сұлулық салонын ашуды көздеп отырмыз. Қазір осы ғимаратты жалға беріп отырған кәсіпкермен келіссөз жүріп жатыр. Мақсатымызға жетсек, әлеуметтік сән салоны қыз-келіншектер үшін қолжетімді бағада қызмет көрсетеді.

Ақтауда дағдарыс орталығы ашылғалы үш жылдан асты. Осы уақыт ішінде әлеуметтік кешен 200-ге жуық адамға уақытша пана болды. Биылғы жыл басынан бері 23 әйел мен 28 бала қабылданған. Дені заң аясында қажетті көмегін алып, жаңа өмір бастапты. Қазір мұнда бас-аяғы бес ана мен он бала тұрып жатыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы