386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбелік Жетесовтер отбасы 18 баланы бауырына басып, тәрбиелеп отыр

  • 122
  • UPD: 08:55, 18.07.2019

Барлығы да оқуда белсенді әрі музыкаға құмар. Отбасылық ансамбльде өнер көрсетіп, талай сайыстардың бас жүлдесін иеленген патронат жанұя енді Еуропа сахнасында ел намысын қорғамақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дамир Жетесовтің бұл отбасына келгеніне төрт жылдың жүзі болды. Осы аралықта үйренгені көп. Ең бастысы, бойындағы шығармашылық қабілетін дамытып, талай байқауларда бақ сынады. Әзірге жүлделі орындарды бермей келеді. Баян аспабына қызығатын Дамир әлі үлкен сахналарда өнер көрсететініне сенімді.

Дамир Жетесов, «Шашу» халықтық-отбасылық ансамблінің мүшесі:

- Көбінесе күйлерді жақсы көремін. Мысалы, «Адай», «Көроғлы», «Баурау» сосын әртүрлі шығармалар. Ата-анамды жақсы көрем әрине. Олар өнер жолының қандай екенін көрсетті. Осы өнер жолы арқылы әртүрлі қалаларға барып, ауылдарға барып концерт береміз.

Бұл отбасында 21 бала өсіп келеді. Оның 18-і патронаттық тәрбиеде. Ерлі-зайыпты Өмірхан мен Амангүл өнер сүйер қауымға жақсы таныс. Сондықтан балалар үйінен асырап алған кішкентайларды мейірімділік пен қамқорлыққа баулуды ниет етіп, музыкаға бейімдеуді мақсат еткен. Бүгінде бірі домбыра, қобыз тартса, енді бірі жетіген, күйсандықта және өзге де аспаптарда шебер орындайды. Енді барлығы да отбасылық ансамбль құрамында шетелде өнер көрсетуге дайындалып жатыр.

Өмірхан Жетесов, «Шашу» халықтық-отбасылық ансамблінің жетекшісі:

- Ол Еуропаны ұтамыз ба деген сенім мол. Балаларымыз тас-түйін дайын. Көптеген шығармаларды дайындап жатыр. Республикалық деңгейлерге шығып жүргендіктен, қазір ауылдық жерлерде, қалаларда екі рет концерт бердік. Енді аудандарға концерт беріп жатырмыз.

Бауырына басқан балаларының алды колледжде білім алып жүр. Бұл отбасының бір-біріне деген шексіз махаббаты бірден байқалады. Үлкені кішісін демеп, кішісі үлкенге арқа сүйеп жүреді. Осы ауызбірліктің арқасында қиындықты жеңіп келеміз-дейді олар. Ал, бүгінде облыс бойынша 65 патронат отбасында 102 бала тәрбиеленіп жатыр. Ондай жанұяларға көрсетілетін қолдау түрлері де аз емес.

Қайрат Алдажаров, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Бұл енді жалпы қорғаншылық және қамқоршылық органын жетім балаларды отбасыға беру баламасы түрін дамыту, насихаттау. Соңғы жылдары «Қуан», «Мейірім», «Сәби» акцияларын өткізу арқылы балаларды орналастыру түрі дамып келе жатыр.

Патронаттық тәрбиеге алған балалар үшін ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы және ата-анаға жалақы төленеді. Ал, өңірде бүгінгі күні 4 отбасы үлгісіндегі балалар үйі мен қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы жұмыс істейді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы