386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Марқұм болған жандардың кредитінің туыстарына қалу дерегі жиілеп кеткен

  • 167
  • UPD: 20:09, 01.08.2019

Елімізде әрбір үшінші адамның несиесі бар. Өкінішке орай, қайтыс болған жандардың банк алдындағы қарызы балаларына қалған жайттар жиі кездеседі.

Мұра орнына мүлік емес, қарыз туралы қағаз келсе не істеуге болады? Жалпы қайтқан адамның қандай қаржы міндеттемелері бала-шағасына қалады?

Өмірден өткен адамның несие қарызын төлеу мұрагерлеріне міндеттеледі. Сондықтан алдымен нотариус арқылы кредиттік бюроға сұраныс жіберіп, анығын білген дұрыс -дейді мамандар. Заң бойынша несие өсімі, төленбеген айыппұлдар, тіпті, коммуналдық қызметке берешегі мұрагердің міндетіне өтеді.

Алтынай Әубәкірова, нотариус:

- Несие туралы келісім-шартқа сәйкес айыппұлдар мен өсімдер бәрібір болады. Сондықтан,несиесі бар адам көз жұмса, банкке немесе қаржы мекемесіне хабар беру керек. Мұраны қабылдап алғаннан кейін, 6 ай мерзім өткенде несиеге қосылған өсіммен келіспесеңіз сотқа жүгінуге болады. 

Туысыңыз қалдырған мұраны қабылдайсыз ба, жоқ па оны 6 ай ішінде шешуіңіз керек. Егер қайтқан адам мұрагерлік туралы мөр басылған құжат қалдырмаса, қарызы бірінші кезекте ата-анасы, жұбайы мен балаларына тең бөлінеді.

Расул Қарағаев, Нұр-Сұлтан қаласы алматы ауданы сотының судьясы:

-  Несие беруші қарызды бір мұрагерінен немесе барлығынан бірден талап етуі мүмкін. Алайда мұрагердің әрқайсысы өзіне қалдырылған мүлік бағасына тең қарызға жауапты болады. 

Мұраға қалған қарызды төлемеудің де жолы бар. Ондай жағдайда туысыңыздың барлық мүлігі мен мирасынан бас тартасыз.

Расул Қарағаев, Нұр-Сұлтан қаласы алматы ауданы сотының судьясы:

- Мұрадан бас тарту біржақты жасалатын келісім. Яғни мұрагердің бас тартқандығы туралы құжаты болса, кредитберуші ешқандай талап қоя алмайды. 

Қаржы ұйымдары мұрагерді 5 жылға дейін мазалай алады. Тіпті кейбір банктер сот арқылы міндеттеп, мұраны мәжбүрлі түрле тіркетуі мүмкін. Себебі олардың мақсаты қарызды қайтару. Қаржы мамандарының айтуынша, банктердің несие қарызын кешіре салуы өте сирек.

Нұржан Бияқаев, тәуелсіз сарапшы:

- Банктердің кепілсіз және кепілді несие қарызының  бір бөлігін немесе толығымен кешіре салатын құқығы бар. Алайда мұндай шешім көбінде кепілсіз несиеге қатысты қабылданады. Онда да қарыз көлемі банк үшін айтарлықтай көп болмаса. Мысалы, 50 мың теңге немесе 500 мың теңге дейік.

Тағы бір мәселе, өмірден өткен адамның алимент қарызын мұрагерлер төлеуге міндетті емес. Жалпы соңғы кездері соттарда мұрагерлер мүлік бөлісу емес, қарыз төлеу істері көп қаралады екен.

Авторы: Ақсәуле Байменшина

Хабар 24 телеарнасы