384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Нұрлы Ертіс»: 36 отбасы Екібастұзға қоныс аударды

  • 580
  • UPD: 14:56, 02.08.2019

Бүгін көп балалы 36 отбасы, яғни 200-ден астам азамат Павлодар облысының Екібастұз қаласына қоныс аударды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Нұрлы Ертіс» бағдарламасы арқылы тұрғын үй кезегінде тұрғандардың көшуі үшін бас шаһар әкімдігі арнайы автобус пен жүк көліктерін бөлді. Ал Павлодар өңірінің жергілікті билігі еңбекке қабілетті қоныстанушыларды тұрақты жұмысқа орналастырып, балаларын мектептер мен бала-бақшаларда тегін орындармен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мектеп жасындағылар білім мекемелерінде тегін тамақтандырылып, киім үлгісі мен оқу-құралдарына дейін өтеусіз сатып алынады. Ата-аналар мен олардың балалары қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктерде де арнайы жол билеттерімен тегін жүре алады.

Бағдат Бақтыбаев, Қызылорда облысының тумасы:

– Кезекке тұрдық. Екібастұздан баспана берді. Менде 5 бала бар. Мен өзім құрылыс жағынанмын. Жұмыспен қамтамасыз етеміз деді.

Қайрат Нұрмағамбетов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Көшіп келген азаматтарға республикалық бюджеттен әлеуметтік көмек көрсетеміз. Оның ішінде жол шығынын өтеу үшін субсидия беріледі. Семьяның әр басына 88,5 мың теңгеден. Одан қалды пәтер жалдап тұруға республикалық бюджеттен тағы да ақша төленеді, 1 жылдан кейін азаматтар ақшаны өздері төлейді.

Өз кезегінде қоныстанушылар екіжақты келісімдеріне сай, алдын ала қойылған талаптарды орындауы шарт. Олар жалға берілетін тұрғын үйде кемінде 5 жыл тұрып, жалға алу ақысын кешіктірмей төлеуі керек. Жалдау ақысы шаршы метрі үшін 99 теңге. Берілген пәтерлердің орташа ауданы 60-80 шаршы метр аралығында. Артынша жылжымайтын мүлікті жекешелендіру сұрағы оң шешімін табады. Коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлеуі қажет. Сұранысы жоғары мамандық иелері жұмыс орындарынан, жергілікті билік өкілдері ұсынған вакансиялардан өз еркімен жалтаруға болмайды. Айта кетейік, мамыр айынан бері Екібастұз қаласына 102 отбасы қоныс аударды.

Хабар 24 телеарнасы