386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісулық диқандар астықтың үштен бір бөлігін жинап үлгерді

  • 138
  • UPD: 12:43, 06.08.2019

Алматы облысында жиын-терім науқаны қызып тұр. Жетісу жерінде биыл жарты миллион гектарға жуық алқапқа дән себілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Диқандар бүгінге дейін астықтың үштен бір бөлігін жинап үлгерді. Одан 250 мың тоннаға жуық астық бастырылған. Ардақ Айбарұлы жалғастырсын.

Сарқан ауданының шаруалары биыл 3 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар екті. Олар әр гектардан 50 центнерден өнім алуда. Мұндай көрсеткіш шаруашылыққа жаңа технологияларды енгізудің арқасында мүмкін болып отыр.

Виктор Стежкин, агроном:

- Ескі технологиямен жұмыс істеген уақытта өнімділік 15-20 центнерден аспайтын. Қазір 40-50 центнерге жетіп отыр. Біз екі комбайн мен бір егіс кешенін сатып алдық. Жаңа техника мен химияны және минералды тыңайтқыштарды қолданып жатырмыз.

Сарқандағы бұл тұқым шаруашылығында жыл сайын 10 мың тонна астық жиналады. Соның 300 тоннасы жергілікті жер игерушілерге үлестіріледі. Аудан бойынша масақты дәнді дақылдарды егуге 55 мың гектар жер бөлінген.

Алматы облысында дәнді дақылдарды егуге арналған жер көлемі биыл 10 мың гектарға ұлғайды. Ол шамамен жарты миллион гектарға жуықтап қалды. Бүгінде астықтың үштен бір бөлігі орылды.

Есім Айтуов, Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Егіс көлемі биыл Алматы облысы бойынша 962 мың гектар құрайды. Оның ішінде масақты дәнді-дақылдар 451100 га егілді. Қазіргі таңда 100 мыңнан астам гектарда жинау науқандары істелініп жатыр.

Жетісу жерінде өткен жылы 1 млн 380 мың тонна астық қамбаға құйылды. «Бұл көрсеткіш биыл 200 мың тоннаға жоғары болады», - дейді мамандар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы