386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында үш адам қаза тапқан өрт тау бөктеріндегі жайылымдық жерден тұтанған

  • 132
  • UPD: 23:24, 06.08.2019

Алматы облысының Панфилов ауданында дала өртінен 3 адам қаза тауып, 7 адам дене жарақатымен ауруханаға түсті.

Көз жұмғандардың бірі орманшы, екеуі ерікті. Өрт кеше түс әлетінде тау бөктеріндегі жайылымдық жерден тұтанған. Жарақат алғандардың да көбі тілсіз жаумен күресуге барған еріктілер екен.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

– Жаркенттегі аудандық ауруханаға кеше тікұшақпен 7 адам жеткізілген еді. Денесін жеңіл күйік шалған бесеуі дәрігерге көрінген соң үйлеріне қайтып кеткен. Қазір мұнда 2 адам жатыр. Бірі хирургия, екіншісі жансақтау бөлімінде. Олардың денсаулығы дәрігерлердің жіті бақылауында.

Ерболат Бегембеков, Панфилов аудандық ауруханасы директорының орынбасары:

– Жатқан екі науқастың біреуі күйген аймағының көлемі 30-35 пайыз болғандықтан, бүгінгі күні ол жансақтау бөлімінде емін алып жатыр. Жағдайы бірқалыпты ауыр деуге болады. Қазіргі кезде күйіктен алған шок дәрежесінде. Науқас есін біледі. Екіншісі хирургия бөлімінде жатыр. Оның 10-15 пайыз денесі күйген.

Қызыл жалынның құрсауында қалып, ауруханаға түскен Ғабит Мақсұтовтың анасы қайғылы жағдайды ести салысымен, Талдықорғаннан Жаркентке жеткен. Ғабит «Жаркент» орман шаруашылы» мекемесінде 20 жылдан бері орманшы болып жұмыс істейді екен. Оның үш баласы бар. «Апат айтып келмейді, сондықтан ешкімге кінә артпаймын. Бар болғаны бауыр етім - баламның ауруханадан тез жазылып шыққанын қалаймын», - дейді анасы.   

Айнакөз Мақсұтова, Талдықорған қаласының тұрғыны:

– Балам үшін жылап жүрмін. Анда да бардым, жұмыс орнына да бардым. Көмектерін шамасы келгенше көрсетіп жатыр. Дәрігерлік көмек те, қаржылай да. Ешкімге кінә артпаймын, бұл да бір аяқ асты болған оқиға ғой.

Дала өрті кеше түс кезінде Жаркенттен 60 шақырым жердегі Арасан шатқалында тұтанған. Шығу себептері әлі белгісіз. Қазір онда төтенше жағдайлар департаменті мен «Жаркент» орман шаруашылығы» коммуналдық мекемесінің 100 шақты маманы жұмыс істеп жатыр. Қызыл жалын 400 гектар жерді шарпыған. Тілсіз жаумен күресуге барлығы екі тікұшақ пен 20 шақты техника жұмылдырылды. Өрт әлі сөндірілген жоқ. 

Ғалымұрат Жүкел, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:

– Өрттен қаза тапқан адамдардың екеуі 5 баладан тәрбиелеген. Сондықтан марқұмның балаларына мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй беріледі. Алматы облысының әкімдігі қайтыс болған азаматтардың туысқандарына шын көңілмен қайғырып көңіл айтады.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

Өрт сөндіруге барып, ажал құшқан екі адамның денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Біреуі ертең жерленеді. Марқұм болған азаматтардың отбасына біз де қайғырып көңіл айтамыз. Мың түрлі бәле-жала мен айтып келмейтін осындай апаттардан еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев

Хабар 24 телеарнасы