385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайлықтар қала күнін қалай тойлады

  • 138
  • UPD: 20:22, 18.08.2019

Қостанайлықтар қала күнін тойлады.

Өндірісі жанданып, экономикалық қуаты артқан шаһарға биыл 140 жыл. Мерейтой аясында қаланың дамуы мен әлеуетін арттыруға атсалысқан азаматтардың еңбегі еленіп, марапатталды. Екі күнге жалғасқан думан ән-күйге ұласып, сәулет өнерінің ескерткіштері ашылды.

Мерекелік шара қаланың даму тарихынан сыр шертетін сәулетшілер мен суретшілер көрмесінен басталды. Ал мектеп оқушылары батпырауықтар сайысында сынға түсті.

Орталық көшелердің бірінде Тобыл өңірінің тумасы, қазақтың тұңғыш кәсіби сәулетшісі Хәкімжан Наурызбаевтың ескерткіші ашылды. Өнер қайраткерінің еңбектері еліміздің және ТМД аумағындағы бірқатар сурет музейлерінде ұсынылған. Жылдан жылға Қостанайдың экономикалық, әлеуметтік, мәдени жағдайы өркендеп келеді. Бүгінде қала халқының саны 230 мыңға жуықтайды. Бірлігі бекем, тірлігі ерен. Еңбегімен еленген бір топ аға буын мерекеде қаланың құрметті азаматы атанды.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

– Қаламызда қазір көркейту, көгалдандыру, абаттандыру бойынша соңғы жылдары үлкен жұмыстар жасалды. Жолдар дұрысталып, үйлердің келбеттері, қасбеттері қалпына келтірілді. Одан басқа жаңа саябақтар, скверлер, алаңдар пайда болды.

Қала күнінде отандық және ресейлік эстрада жұлдыздары мерекенің мерейін асыра түсті. Баршаны құттықтап, тек жақсылық болуын тіледі.

Сүндет Байғожин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Барлық жерлестерімді Қостанай күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сағынып асыға келген туған жерім. Барлық күшімді, жігерімді салып, барлық эмоцияға беріліп әндерімді жеткізуге тырыстым.

Кеш соңында әсем ән мен тәтті күй көңілін тербеген қалалықтар мерекелік отшашуды тамашалады.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров 

Хабар 24 телеарнасы