387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында 1 млн гектар егістік химиялық өңдеуден өтті

  • 124
  • UPD: 23:52, 20.08.2019

Биыл қостанайлық диқандарды құрғақшылықтан бөлек, астық аурулары да алаңдатып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солтүстік аудандарда орналасқан алқаптарға ылғалдың мол түсуі тат және септориоз ошағының таралуына түрткі болған. Облыс бойынша ауру жайлаған 800 мың гектардай егістік химиялық өңдеуден өтті. Шегірткемен күрес те біраз әбігер туғызған.

Нұрқат Ташмағанбетов 20 жыл бойы несібесін қара жерден теріп келеді. Көктемде ылғал жауып, топырақ баптаудың барлық талабын орындап шықты. Алайда, биылғы аптап ыстық ерен еңбекті тура мағынасында күйдіріп жіберді.

Нұрқат Ташмағанбетов, шаруа:

Келесі жылы еге алмаймыз егінді. Қоятын шығармыз бәрін. Қарамағымда 15-20 адам бар. Оның бәрі жұмыссыз қалады. Қазір жалақыны қалай берерімді білмей отырмын. Жағдай өте қиын.

Дегенмен, құрғақшылық салдарынан оңтүстіктегі дәнді дақылдар егістерінде ешқандай ауру байқалмаған. Ал Қарабалық, Ұзынкөл сияқты солтүстіктегі аудандар танаптарындағы жағдай керісінше. Бұл жақта тат және септориоз белең алған.

Берік Қазиев, облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары:

- Көрші Челябі, Қорған облыстарынан келетін қатты жел тат ауруына себеп болып жатады. Бірақ біз жағдайды бақылауда ұстап отырамыз. Тұрақты түрде тексерулер жасаймыз. Химиялық өңдеу шараларын уақытылы атқарамыз.

Биыл Қостанай облысындағы егістік алқаптарының 800 мың гектары немесе бестен бірін аурулар жайлаған. Танаптарды химиялық өңдеу әдістері шілденің ортасынан басталып бір айға созылды.

Дәл осындай залалсыздандыру шараларын өз аумақтарында ресейлік шаруалар да атқарды. Қос тарап астық ауруларына қарсы улы химикаттарды бірлесіп септі. Шегіртке зиянкестерімен күрес те күн тәртібінен қалған емес.

Александр Раевский, Челябі облысы ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

- Өз тарапымыздан да, қазақстанддық тараптан да нақты шаралар қолға алынды. Астық ауруларының белең алуын болдырмау мақсатында белгілі көлемде қаржы құйылып, толықтай мақсатты игерілді.

Шегірткелер биыл Қамысты, Амангелді және Жанкелдин аудандарында кең таралды. Ондағы жәндіктердің зияны орташа көрсеткіштен асып кеткен. Шамамен 10 мың гектардай алқап химиялық әдіспен залалсыздандырылды.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы