389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да шөптің бағасы шарықтап тұр

  • 222
  • UPD: 23:53, 20.08.2019

Батыс Қазақстан қысқы мал азығын дайындап әуре, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың есебінше, алдағы қыстан қысылмай шығу үшін 1 миллион 533 мың тоннадан астам шөп дайындалуы тиіс. Қазіргі таңда қажет көлемнің 60 пайызға жуығы орылған. Дегенмен, қуануға әлі ерте.

Жауын-шашынның аз түсуіне байланысты облыстың кей өңірлерінде шөптің шығымы төмен. Ал мал азығының қымбаттауы тірлігі төрт түлікке тәуелді ауыл тұрғындарына оңай соқпайтыны рас.

Қазталов ауданының аумағында биыл шөптің шығымы әрқилы. Болашақ, Қайыңды, Талдыбұлақ, Қошанкөл мен Қараоба ауылдарына жауын-шашын мол түскен. Ал, Қарасу, Қараөзен, Жаңажол мен Көктерек ауылдық округтеріне қарасты көлтабандарға тіршілік нәрі жетпеді. Сондықтан болар, шабындық алқаптардың жағдайы мәз емес. Қараөзенде тұратын Амангелді Кенжеғалиевтің айтуынша, мал азығының бағасы шөптің шығымына тікелей байланысты.

Амангелді Кенжеғалиев, Қараөзен ауылының тұрғыны:

- Су тапшылығына байланысты жайылымдарға шөп шықпай қалды. Шөп қымбаттау, бір рулонды 5 мыңнан алып жатырымз. Қазір енді нарық заманы болғасын қымбаттау, енді соған көнеміз.

Шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Әжікеев «биыл қыстан қысылмай шығу үшін мың шақты бума шөп дайындауым керек», дейді. Өз ауылында шөптің шығымы төмен болған соң 70 шақырым жердегі шаруашылықтармен бірлесуге мәжбүр. «Ай жарымдай уақыт жүріп, 500 бума шөпті әрең жинадым», - дейді ол.

Нұрлан Әжікеев, шаруа қожалығының басшысы:

- Шөп әкеле жатырмын мына Максим деген жерден осында шауып, буып, өзімнің шаруа қожалығыма Егінсай деген жерге тасып жатырмын. Мыннан 70 шақырым жер Жалпақталға барғанша. Барып-келуі 120 шақырым. Ол жақта шөп жоқ, малға жайылыстың өзіне шақ деп. Кеше келгеннен бүгін қайтып бара жатырмыз ғой енді.

Облыста мал азығының сапасын жақсарту мақсатында 43 мың гектар жерге жем-шөп дақылдары егілген. Соның ішінде сүрлемге арналған жүгерінің көлемі 9 мың гектар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, шөптің бағасы әр ауданда әртүрлі.

Мысалы, Жәнібек, Тасқала және Қаратөбе аудандарында шамамен 300 келі болатын бір бума шөптің құны 2900-3500 теңге аралығында. Бөрлі, Бөкейордасы, Бәйтерек, Сырым және Теректі аудандарында әр бума үшін орта есеппен 4000-5000 теңге шығындауға тура келеді. Ал, Ақжайық, Жаңақала аудандары мен Орал қаласында шөп бағасы 6000 теңгеге жеткен.

Қыс қаһарына мініп, мал азығына тапшылық білінген жағдайда бұл бағаның бірнеше есеге өсерін мамандар жоққа шығармайды. «Дегенмен, қыстың қамын жаз ойлағандар үшін дәл қазір ең қолайлы бағаны ұсынамыз», - дейді қазталовтық шаруалар.

Миржан Әдетов, шаруа қожалығының басшысы:

- Мына халыққа сатқанда бір бума шөптің бағасы қанша болады? Бізде қазіргі бағасы 3 мың теңгеден. Ауылға, енді өзіміздің халыққа 3 мыңнан апарамыз. Басқа жақтан келіп жатыр 3-тен сатып алып кетіп жатыр, мына көршілес Жалпақтал, Ақпәтерден келіп алып кетеді. Сол даладан алып кетсе 3, егер апарып берсек 5 мың болады.

Сергей Тоқпанов, Қазталов аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Қазіргі шөптің бағасы өзекті күйінде. Әр округте әртүрлі. Шөптің шығымына байланысты. Енді біз қожалықтармен келісіп, сол 5 мыңнан асырмауға тырысып отырмыз. Себебі оларға арзандатылған бағамен жанар-жағармайға көмектесіп отырмыз. Басқа да қолайлы шығымы бар жерлерді ұсынудамыз.

Аймақта жем-шөп бағасын арзандату мақсатында егін орағы мен шөп шабу жұмыстарына 11 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін оның әр литрінің құны 179 теңге болып белгіленді.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы