387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда іргесіндегі 115 саяжай сүріліп, орнына аурухана салынбақ

  • 144
  • UPD: 22:13, 27.08.2019

Елорданың іргесіндегі 115 саяжай сүріліп, орнына аурухана салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал саяжай иелері өтемақы алатын болады. Тек жер телімі тіркелген болуы шарт. Әкімдіктің шешіміне тұрғындар қалай қарайды?

Бас қаланың «Сарыарқа» ауданында 5 саяжай қауымдастығы бар. Мұнда 7 мыңнан астам адам тұрады. Қала жоспарына сай саяжайлардың көбі сүріліп, орнына аурухана, саябақ және өзге де ғимараттар бой көтереді.

Ерғали Егемберді, «Сарыарқа» ауданының әкімі:

– Шаһар басшысы «Сарыарқа» ауданы бойынша толық жоспарлау жүйесіне қол қойды. Мәслихат отырысында саяжайларды сүру жоспары қолдау тапты. Алдымен 12 гектар жер аумағында осындай жұмыстар жүреді. Сонымен қатар сүрілетін 115 саяжай орнына жаңа «Теміржол ауруханасын» салу жоспарланған.

Әкімдіктің бұл жоспарын кей тұрғындар құптайды. Бірақ атқарылған жұмыстардың жіті бақыланғанын қалайды. Себебі «ауданда қарақшылық көбейген», - дейді олар.

Исмаил Әбдірахманов, қала тұрғыны:

– Егер мектептер мен тұрғын үйлер салса, жақсы әрине. Бірақ соңғы кезде айналада ұры-қары қаптап кетті. Отбасымды ұзақ уақытқа жалғыз қалдыруға қорқамын. Темір-терсек жинап жүреді, кейде ішімдік ішіп отырады. Сондықтан әкімдіктің адамдары сүру жұмыстарын бақылап жүрсе жақсы болар еді.

Ал мына көшедегі жалғыз үйдің иесі – Сатулен Исмаилов. Көршілерінің барлығы өтемақыларын алып, көшіп кеткен. Сүрілу кезегі оған да жақындап қалды. Бірақ саяжайда 20 жыл тұрған қария жер теліміне берілетін сома тым мардымсыз деген пікірде. 

Сатулен Исламғалиев, қала тұрғыны:

– Мына жағымдағы көршім 4 миллион теңге алып кетті. Мына жердегі 3 миллион теңге алды. Үш отбасы бір үйде тұрамыз. 4-5 миллионға біз не аламыз?

Қандай баспана алса да, өтемақы көлемі бағалау жұмыстары белгілеген сомадан аспайды. Ал сүрілген саяжайлардың орнына жеке инвесторлар есебінен жаңа нысандар бой көтереді.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Сұлтан Қалдыбеков

Хабар 24 телеарнасы