387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаудағы энергетикалық комбинат атом орнына көгілдір отын тұтынады

  • 108
  • UPD: 09:50, 29.08.2019

Ақтаулықтар қала сыртында тұрған энергетикалық комбинатты «Маңғыстаудың жүрегі» деп атайды.

Себебі Каспий жағалауындағы шаһарды ауыз су, жылу және электр қуатымен осы комбинат қамтамасыз етеді. Елу жылдан астам тарихы бар іргелі кәсіпорын көпшілікке «МАЭК» атауымен танымал. Мұндағы жылдам нейтронды БН-350 реакторы 1999 жылы жұмысын тоқтатты. Бүгінде өндіріс орны атом орнына көгілдір отын жағу арқылы өз міндетін орындап келеді.

Ақтау – еліміздегі теңіз суын тұщытып ішетін жалғыз қала. Тіршілік нәрімен қамтып отырған комбинаттың құрал-жабдықтары жарты ғасырдан астам уақыт қолданыста келеді. Тозығы жеткен қондырғылар тәуелсіздік жылдары кезең-кезеңімен жаңартылуда. Мәселен, тәулігіне 400 мВт ток өндіретін №2 жылу электр орталығының қызметі толық автоматтандырылған. Отыз маман құбырлардағы жоғары су қысымын қашықта отырып реттеп отырады.

Ильяс Соловатуллин, бас инженердің орынбасары:

– Орталық мамандары жылу турбиналары мен қазандықтардың қалыпты деңгейде жұмыс істеуін қауіпсіз жерде отырып бақылайды. Комбинат қызметінің толық автоматтандырылуы ағымдағы және күрделі жөндеуді дер кезінде жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Бұрын реактор көмегімен теңіз суы қайнатылып, бу алынатын. Осы арқылы турбина қозғалысқа келтіріледі. Қазір радиоактивті отынның орнына табиғи газ жағылады.

Қазіргі уақытта кәсіпорында төрт мыңға жуық адам еңбек етеді. Комбинат аумағында үш жылу электр орталығы, бірнеше зауыт пен түрлі мақсаттағы цехтар орналасқан. Олардың атқаратын қызметімен Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков танысты. Жаңа технологиялардың жұмысын бақылап, басқарып жүрген мамандармен тілдесті.

Нұрлан Дулатбеков, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды бағдарламаларының барлығы Парламенттің алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі болып табылады. Біз өз жұмысымызды қалай жүзеге асырамыз деген бағытта Маңғыстау өңіріне келіп, мұндағы сайлаушылармен кездесіп жатырмыз. Осы үлкен өндіріс ошағына келген кезде халықтың көңіл-күйі, олардың әл-ауқатының жақсаруы, соған жұмыс жасау, соған сәйкес заңдарды дүниеге әкелу біздің басты мақсатымыз болып табылады.

Маңғыстаудың энергетикалық комбинаты тәулігіне 600 мВт ток пен 60 мың текше метр ауыз су шығарады. Мұндағы өндіріс орындарының жұмысы қоршаған ортаға залалсыз. Арнайы қызмет жағдайды үнемі бақылауда ұстайды. Жуырда тығыз пленкалар арқылы суды сүзгілейтін зауыт жаңадан үш қондырғы алды. Сәйкесінше, бір текше метр теңіз суын ішуге жарамды ету үшін жұмсайтын тарифтік шығындар біршама азайған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы