389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысы Арыстағы құрылыс жұмыстарын толық аяқтады

  • 211
  • UPD: 14:54, 29.08.2019

Бұған дейін Қарағанды мен Қызылорда облыстары да өздеріне жүктелген міндетті мінсіз орындап шыққан болатын.

Осыған орай бүгін Жамбыл облысына тиесілі 3 секторда салтанатты шара өтті. Оған аймақ басшыларының орынбасарлары қатысып, үздік құрылысшыларды марапаттады.

Арыс қаласындағы Жамбыл облысына қарасты 3-секторда 11 көше бар. Онда 312 жеке тұрғын үймен бірге 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан орналасқан. Төтенше жағдайдан кейін қираған үйлер мен зақымданған нысандарды қалпына келтіру үшін 4 мердігер компания мен 500-ден аса құрылысшы күндіз-түні тынымсыз еңбек етті. Олар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, арыстықтардың алғысын алды. Қала тұрғындары әулиеаталық құрылысшылардың табанды тірлігі мен елеулі еңбегін жоғары бағалады.

Айнагүл Тауасарова, Арыс қаласының тұрғыны:

– Жігіттерге көп рақмет. Түгел ауыстырды, терезе, есік ауысты. Төбесі ауысты. Сыртының бәрін әрлеп берді.

Айта кетейік, бүгін Жамбыл облысына қарасты 3 секторда салтанатты жиын өтті. Аянбай тер төккен азаматтар мен құрылысшылар марапатталды. Жиынға жамбылдықтарды бастап келген аймақ басшысының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Жамбыл облысы штабының қарқынды жұмысы, арыстықтардың белсенділігі мен ықыласына айырықша алғыс білдірді. Екі айдың ішінде апаттан зақым келген 309 үйге әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, барлығы қалпына келтірілген. Ал қатты бүлінген 4 үйдің екеуі басынан қайта салынса, екеуі толық жаңғыртылған.

Еркебұлан Дауылбаев, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

– 312 үй 100 пайыз қалпына келтірілді. Оның ішінде 2 үй сырылып, тастап қайта салынды. Арыстықтарға да айтар алғысымыз көп. Осының бәріне түсіністікпен қарап, шыдап, төзіп, аптап ыстықта құрылыс жасаған жігіттерге де алғысымыз шексіз.

Әулиеаталықтар Арыстағы төтенше жағдай кезінде жарылыстан зардап шеккен тұрғындарды қолдау мақсатында 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті бұйымдар жөнелткен. Сондай-ақ Арыс қаласының 400-ге жуық баласы жазғы демалысын Жамбыл облысындағы жазғы сауықтыру лагерлерінде өткізген.   

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы