385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыдағы ауруханада дәрігерді таяқпен ұрғандар өз істеріне өкініп отыр

  • 139
  • UPD: 23:03, 03.09.2019

Дәрігерлерге жұдырық ала жүгіріп, таяқ сілтегендер кім? Алматыда ауруханаға түскен науқастың «ұр да жық» туыстары өз істеріне опық жеп, кешірім сұрады. Бірақ сөз естіп, қорлық көрген ақ халаттылар не кінәлары барын білмей дал.

Даудың басы былай басталады. 27 тамыз күні 1960 жылы туған азамат жүрек инфакртімен реанимацияға түседі. Дәрігерлер жедел түрде операция жасап, науқасты аман алып қалған. Кейін қал-жағдайын білмек болып туысқандары келеді. Жеті адам. Мейірбикеден дәрігерді шақыруын өтінеді. Дәл сол мезетте дәрігер бос болмай қалыпты. Содан соң бес адам жансақтау бөліміне күшпен кіреді.

Гүлжан Ибрагимова, №7 қалалық клиникалық аурухананың  қызметкері: 

- «Кірмеңіздер, қазір дәрігер шығады ғой» дегенімде бір ер азамат елуден асқан шамасы қолындағы темір таяғыменен, темір, кәдімгідей темірмен менің төсімнен қатты ұрды да сонан жарақат жасады мені. Мен құлап қалдым сол жерде. Ішке көктеп-бастап кіріп кетті. Айқай-шу болды. Әртүрлі сөздермен балағаттап. Сендер малсыңдар, сендер хайуансыңдар, өлтіру керек сендерді деп қасындағы кісілер сондай әңгіме айтады.

Науқастың жансақтау бөлімінде қанша күн жататынын және туысқандарын кіргізу немесе кіргізбеу туралы шешімді емдеуші дәрігер қабылдайды.

Манас Рамазанов, №7 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері:

- Реанимацияда болу керек деп туыстарына айттық. Тағы да бір күндей реанимацияда жату керек деп. Соны тыңдамай, оларға басқаша информация түскен ба или бізге сенбей ма? Сол жаңа мейірбикелердің нелеріне қарамай сол жансақтау бөлімшесіне кіріп кетті. Ол жансақтау бөлімшесінде бізде одан басқа 30-40 ауру жатады күніне.

Дәрігерлердің айтуынша, жүрек инфарктімен түскен азамат бүгінде кардиология бөлімінде тиісті ем алып жатыр. Жағдайы тұрақты. Туысқандары соңынан ерсі қылықтары үшін кешірім де сұрапты. Бірақ Гүлжан Ибрагимова «олардың бұл әрекеті жаныма қатты батты» дейді. Мейірбике сол күні полицияға арыз беріпті. Екі жақтан да түсініктеме алынған. Қазір сот-медициналық сараптама жүргізілуде.

Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Егер жеңіл жарақаттар келтірілді деген дерек шығарылатын болса онда әкімшілік заңнама тұрғысында қарастырылады. Егер орташа дәрежедегі немесе ауыр дәрежедегі ұйғарым шығарылатын болса сот-медициналық сарапшылармен онда Қылмыстық кодекстің аясында іс қаралатын болады.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Алматыда дәрігерлерге жұдырық жұмсау бірінші рет болып тұрған жоқ. Әрине ауруханаға адам ерікеннен келмейді. Десе де, науқастардың туысқандары аздап сабыр сақтаса деген тілегін жеткізді дәрігерлер.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы