389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ауыл мектептерінде білікті кадрлар тапшы

  • 234
  • UPD: 23:06, 07.09.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтап бара жатқанын айтып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтуді тапсырған.

Ауыл ұстаздары: «саналы ұрпақ қалыптасуы үшін сапалы білім қажет. Сондықтан президенттің бұл бастамасын қуанышпен қабылдадық», деп отыр.

Материалдық-техникалық базасы жақсы дамыған қала мектептері мен қарапайым интернетке қосыла алмай отырған ауыл мектептерінің білім беру сапасын расында салыстыруға келмейді. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі білікті кадрлардың тапшылығы да өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан мемлекет басшысы өз жолдауында «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырған болатын.

Әсем Асқарқызы, ауылдық мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- «Дипломмен ауылға» бағдарламасының кеңейтілуі бізді қуантып отыр. Ауылымызға білім сапасын жақсартуға білікті кадрлар келіп жатыр. Мектебімізге ағылшын тілінен, дене шынықтыру пәнінен осы жоба бойынша келген жас мамандарымыз бар. Әлі де жетіспейтін кадрлар бар. Сондықтан қалаға жұмыс іздеп кеткен жастарды ауылға тарту өте маңызды.

Алматы облысы Талап ауылдық округіне қарасты Қастек ауылының орта мектебінде қазіргі таңда 21 ұстаз жұмыс істейді. Мемлекет бағдарламасы аясында биылғы оқу жылында бірнеше жас маман келген екен. Солардың бірі – Қазақтың спорт және туризм академиясын тәмамдаған Қасым Қайратұлы.

Қасым Дүйсебаев, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:

- «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама өте жақсы. Менің екі ұлым мен бір қызым және келіншегім бар. Менің өз басымда жеке баспанам бар. Менің өзіме кәдімгідей Үкіметтен көмек болды. Мен сияқты жастар көбейе берсе екен деп тілеймін. Сол осы мектепте қазір дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. Балаларға тәрбиемізді, білгенімізді үйретіп жатырмыз.

35 жыл ұстаздық еткен Тұрсынхан Қасымханұлының айтуынша, көптеген білікті мамандар бір кездері жалақы мардымсыз болған соң басқа жұмыстарға ауысып кеткен. Енді президенттің жолдауындағы тапсырмалар жүзеге асып жатса, ауыл мектептеріндегі білім сапасының артарына сенімді.

Тұрсынхан Отыншиев, ардагер ұстаз:

- Ел президентінің жолдауында келешек ұрпақтың білімді болуын білімді ұрпақты оқытуымызға байланысты ұстаздардың еңбекақысын көбейтеміз деп жатыр. Ұстаздарға жақсы жағдайлар жасаймыз деп жатыр. Сынып жетекшіліктің еңбекақысын көбейтеміз, дәптер тексерудің еңбекақысын көбейтеміз деген неше түрлі бағдарламалар қабылдап жатыр. Оның бәрі дұрыс. Өз дәрежесінде жолға қойылса құба-құп болар еді.

Ел президенті дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғарғы оқу орындарын дайындау керектігін де баса айтты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы ұлт болашағы үшін жасалған ұтымды жоба. Егер президент тапсырмалары жүзеге асып жатса, көптеген өзекті мәселелер шешімін табатыны сөзсіз.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы