386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АӘК сарыағаштықтарға отбасылық бизнес ашуға мүмкіндік берді

  • 160
  • UPD: 17:28, 08.09.2019

Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек алу үшін 142 мыңнан астам отбасы құжат тапсырған.

Оның 106 мыңына жалпы сомасы 60 миллиард 700 млн теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Ал 17 мың отбасы көмекқаржы алу талабына сай келмеген, араларында табысын жасырғандары да бар. Қуантарлығы 5 мыңға жуық жанұя осы көмек арқылы кедейлік шегінен шығып, тіпті өз кәсібін ашқан. Мұндай отбасылардың дені Сарыағаш ауданында тұрады.

Фарида Мамырбаева – 5 баланың анасы. Аз қамтылған көп балалы отбасы аядай ғана үйде тұрады. Ол атаулы әлеуметтік көмек алуға сәуір айында өтініш білдірген. Алғашқы көмек қолына тиген бойда тігін машинасы мен нан пісіретін пеш құрылғысын сатып алған. Қазір қызы екеуі тігін тігеді әрі түрлі нан тоқаштарға тапсырыс қабылдап, дайындайды. Бастапқыға қарағанда жағдайымыз жақсарды, - дейді үйдің отанасы.

Фарида Мамырбаева, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

– Атаулы әлеуметтік көмектің пайдасы бар. Жаман болып жатқаным жоқ. Күнкөріс нәпақамызды тауып жатырмыз. Сұраныс болып жатыр. Қант-шайымыздф ажыратып жатырмыз. Жоспарларым бар. Қызым тігіншілікті бітірсе, базардан орын алып, тігіншілікпен айналыссам деген ойдамын.

Ал Жансая Талғатқызы атаулы әлеуметтік көмектің қаржысына 120 дана бөдене құсын сатып алған. Екі айда жетілетін бөдененің қазір елуі жұмыртқа береді. Үй иесі оны жеке шағын маркеттер мен дүкендерге өткізіп, табыс табуда. Үйдің отағасы да тұрақты жұмыспен қамтылыпты.

Жансая Ахметова, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

– Жолдасым қарайды қазіргі таңда. Ол жұмыста болғанда мен қараймын. Бөденің емдік қасиеті көп. Жұмыртқасының да пайдасы көп. Рак ауруларына қарсы. Жұмыртқасында имунитетті көтеретін дәрумен көп.

Атаулы әлеуметтік көмек алған сарыағаштықтар табыс табуға көшкен. Бірі шаштараз ашса, енді бірі базар маңынан наубайхана жұмысын ілгерлетуде. Дегенмен мемлекеттен көмек алған отбасылардың мыңнан астамының құжаттары қайта қаралуға жіберілген. Соның 445-іне атаулы әлеуметтік көмек беру тоқтатылыпты. Себебі олардың басым бөлігі табысы туралы жасырған немесе отбасының жиынтық табысы кедейшілік шегінен асқандықтан сәйкес келмеген.

Мұхит Отаршиев, Сарыағаш ауданының әкімі:

– Тек қана Сарыағаш бойынша мыңнан аса отбасы қайта қаралып отыр. Оның ішінде өзіміз анықтаған 300-ден аса отбасын тоқтатып отырмыз. Ауданда атаулы әлеуметтік көмекке 13200-ден аса өтініш келіп түсіп, бұл бойынша тағайындау жұмыстары жүргізілді. Бірақ мониторинг есебінен қазір 3300-дей отбасыны қайта қарау қайта есептеулер жүргізу немесе тоқтату мәселелерін қарап отырмыз. 

Сарыағаш ауданында жалпы халық саны 202 мыңнан асады. Әлеуметтік карта айқындағандай, аудан бойынша көп балалы отбасы саны – 13 628. Олардың 85 проценті аз қамтылған отбасы қатарынан болып отыр.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы