387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да елді мекендердің 48% ғана таза ауыз сумен қамтылған

  • 95
  • UPD: 10:10, 09.09.2019

Батыс Қазақстан облысындағы  433 ауылдық елді мекеннің небәрі 209-ы ғана орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кету керек, өңір үшін өте өзекті мәселені шешу биылғы президент жолдауында айтылған айрықша тапсырманың бірі. Яғни, алдағы үш жыл ішінде тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге шамамен 250 миллиард теңге бөлінбекші.

Ирина Сатанова – Әйтиев ауылының байырғы тұрғыны. Күйеуі Әліпқали екеуі төрт ұл тәрбиелеп өсіріпті. Балалар қалаға кетіп, сол жақта жұмысқа орналасқан. Өздері ауылда. Аздаған мал ұстап, бау-бақша салады. Оны күнделікті күтіп-баптап, суғару оңай іс емес. «Әсіресе, мына секілді құдықтан су тартудың бейнеті аз емес», - дейді ол.

Ирина Сатанова, Әйтиев ауылының тұрғыны:

- Жасым 50-де, қиын әрине, балалар үйде жоқ, күйеуім де жоқ үйде, өзім құдықтан тартамын, енді орталықтандырылған су жүйесі жақсы, кішкене шаршаймыз.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Теректі ауданына қарасты шағын ауыл әзірге таза сумен қамтылған 200-дей елді мекеннің қатарына ене қоймапты. Мамандардың айтуынша, тіршілік нәрі алдағы 3 жылда жете қоймайтын сыңайлы. Ауыл маңындағы мына тоғаннан да пайда шамалы. Жайықтан су жеткілікті түспесе, келешекте бұл құдықтардың да құрғап қалу қаупі бар.

Әліпқали Сатанов, Әйтиев ауылының тұрғыны:

- Ауылдың іргесіндегі су да тартылып жатыр. Жайықтан құйылатын су. Жайық деген 10 жылдан асты құйылмағалы. Соған қарағанда, мына су отырған сайын құдықтар да кебе бастайды. Мәселенің бәрі сол Жайықтан құймаса, су да түсе береді, құдықтар да отырады.

Гүлнұр Әминова, облыстық құрылыс басқармасының бас маманы:

- Бұл мәселені шешу жолдары мемлекетіміздің «Өңірледі дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» арқылы жүзеге асырылуда. Соңғы 3 жылда сапалы ауыз сумен қамтылған ауылдардың саны жылдан жылға артып келеді. Оған дәлел ретінде 2017 жылы орталықтандырылған сумен қамтылған ауылдар саны 40% болса, қазіргі жағдай бойынша ол 48%-ке жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 50%-ке арттыру жоспарланып отыр.

Жыл соңына дейін 54 мыңдай тұрғыны бар 40 ауылға ауыз суы жеткізілмек. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 4 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда аймақтағы елді-мекендерді сапалы ауыз сумен қамту туралы президент тапсырмасына сәйкес 25 жоба жасақталып жатыр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

 

Хабар 24 телеарнасы