389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Медиа апталықта сапасы сын көтермейтін жарнама мәселесі талқыға түсті

  • 162
  • UPD: 21:37, 12.09.2019

Кейінгі кезде жарнамаға қатысты сын көбейді. Әсіресе сапасы, аудармасы мен таралымы көпшіліктің көңілінен шықпай жатады.

Дәл осы мәселе елордадағы медиа апталықта көтерілді. Сала мамандары күні бойына жарнама нарығындағы ахуалды қозғап, оны реттеудің жолдарын ұсынды.

Әдетте жарнаманы сауданың қозғаушы күші деп атайтын. Бірақ бертін келе бұл тіркестің мәні кетіп барады. Өйткені, адамдардың арзан жарнамалардан Ығыр болғаны соншалық, телеарнадан болсын, әлеуметтік желіден болсын, жылт ете қалса, басқа бағытқа бұрып жібереді. Бұл мәселе бүгін елордадағы медиа апталықта көтеріліп, отандық жарнама нарығын дамытуға қатысты бастамалар талқыланды. 

Ильмурод Джумаев, Орталық Азия жарнама қауымдастығының бас директоры:

- Соңғы 5 жылда саланың дамуы тұралап қалды. Әсіресе, 2014 жылғы дағдарыстың жарнама нарығына әсері зор болды. Сәйкесінше жарнама берушілер де, жарнаманы қабылдаушылар да біраз кедергіге кездесті. Бірақ бірте-бірте тығырықтан шығып, саланың тыныс-тіршілігі жанданып келеді. 

Расымен де, қазір ҚазақстанНЫҢ жарнама нарығындағы ақша айналымы жылына 145 миллион АҚШ долларына жеткен. Бұл орта азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Мәселен, бізден кейін келе жатқан Өзбекстанда ол 35 миллион доллар көлемінде. Бірақ бұған тоқмейілсуге тағы болмайды. Өйткені, Ресей мен Украина сияқты елдер, тіптен, алға жылжып кетіпті және енді оларды қуып жетудің амалын табу керек дейді мамандар. 

Ділмұрат Рахимов, «International Media Serviсe» компаниясының бас директоры:

- ТМД елдері арасында осы Ресей мен Украинаның саладағы аяқалысы жақсы. Біздің әлеуетіміз де жаман емес. Енді оны дұрыс және тиімді пайдаланып, жарнама нарығындағы ақша айналымын еселеуге болады. Бүгінгі бас қосуда осы мәселе жан-жақты талқыланып жатыр. 

Жарнама адамды жалықтырмау үшін әлдеқайда қызықты әрі сапалы жасалуы керек. Бұған қоса қазақшаға сауатсыз аудармалар да әбден мезі етеді. Осы мәселелерді шешу арқылы тек жарнама нарығы ғана емес, отандық медиа нарықтың, қала берді ел экономикасының дамуына кәдімгідей серпін әкелуге болады деп сенеді мамандар. 

Авторлары: Аслан Қаженов, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы