389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да мал ұрлығы өршіп тұр

  • 248
  • UPD: 15:22, 13.09.2019

Батыс Қазақстан облысында мал ұрлығы тыйылмай тұр.

Оңай олжаға дәніккендер өңір тұрғындарын жарты миллиард теңгеге шығынға батырған. Тұрғындардың малды жайылымға қараусыз жіберуі де жағдайды қиындата түседі, дейді мамандар. Ал полиция өз кезегінде ен далада жоғалған малды іздеуге алтын уақытын сарп еткенімен, істердің дені тараптардың өзара келісімге келуіне байланысты жабылып жатады екен.

Ақжайық ауданының тұрғыны Әнуар Қуанышев партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне арыз айта келіпті. 4 ай бұрын шаруашылығындағы төрт бірдей ірі қарасы қолды болған.

Әнуар Қуанышев, шаруа қожалығының басшысы:

– Менің малым табылмай тұр. Негізі мұндай ұрлық болмайтын еді, биылдан бастап Ақжайық ауданында ұрлық өршіп тұр. 

Гауһар Шайхиниязова, Nur Otan партиясы БҚФ қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі:

– Қоғамдық қабылдау бөлмесіне азаматтар облысымыздың түкпір-түкпірінен келіп жатады. Олардың көтеретін мәселелерінің дені – мал ұрлығы. Бұл тұрғыда облыстық прокуратура, полиция департаментімен бірлесіп қабылдаулар жүргіземіз.

Тәртіп сақшылары биылдың өзінде 135 ұрыны қолға түсіріп, мал ұрлығын кәсіп еткен 21 қылмыстық топты әшкерелепті. Мәселен, осы жазда Қаратөбе ауданы тұрғындарының 150 бас малын қолды еткен үшеуге қатысты сот үкімі шықты. Мал ұрлығын ашу оңай емес. Аудандық полиция бөлімдеріне өзге жұмысты ысырып қойып, мыңдаған шақырымдарға созылатын жайылымдық жерлерді сүзіп шығуға тура келеді. Айналып келгенде, мал ұрлығына қатысты істердің 40 проценті тараптардың татуласуына байланысты жабылып жатады. Ал бұл ұрылардың қылмысты қайталап жасауына жол ашады, дейді полицейлер.       

Махсұдхан Әбіләзімов, облыстық ПД бастығы:

– 209 мал ұрлығы тіркелді. Оның 144-і қараусыз, бақташысыз, үйден шығарып жібереді, оны айлап қарамайды. Сол жақтан ұрлық болды. Көпшілік жағдайда біздің жергілікті азаматтар осы кәсіппен айналысады. Ол өзіміздің арамызда жүрген, сол ауылда тұратын азаматтар.

Жайылымдардағы иесіз мал ұрылардың еркінсуіне ғана жол ашпайды. Жыл басынан бері осындай қараусыз малдың жолға шығып кетуі салдарынан 20-ға тарта көлік апатқа ұшырап, 9 адам зардап шеккен.    

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы