389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда «Алма Fest» фестивалі өтті

  • 243
  • UPD: 22:06, 16.09.2019

Алматыда қала күніне орай  дәстүрлі алма фестивалі өтті.

Тұңғыш Президент саябағында жергілікті алманың бірнеше түрі қойылған көрме ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтары одан дәм татты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Фестиваль аясында отандық өнерпаздар концерт қойды.

Алма фестиваліне келушілер қатары жылдан жылға артып келеді. Біріншіден, бұл жерге қала тұрғындары бала-шағасын ертіп, күздің тамаша көріністерін қызықтауға  келеді. Екіншіден, иісі аңқыған Алматының нағыз алмаларын осы жерден ғана көруге болады.

Блиц 1:

Алматының алмасы күшті! Мінеки! Ұнап тұр. Мен немерелеріме апарып беремін.

Блиц 2:

- Өте жақсы, тамаша! Рахмет!

Бүгінде қала басшысы тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалатынын айтты. Барлық аудандарда заман талабына сай мектептер мен емханалар, спортттық және концерт залдар болады. Алатаудың бөктерінде орын тепкен Алматы әлемдегі ең әсем қаланың бірі. Сондай-ақ әдебиет пен өнердің, білімнің ордасы. Осы жерде халықтың сүйікті ұлдары Олжас Сүлейменов танымал туындыларын өмірге әкелсе, Болат Аюханов балет өнерін биік шыңға көтерді. 75 жыл сахнадан түспей келе жатқан халық әртісі Юрий Померанцев театр және кино саласына өлеусіз еңбек сіңірді. Міне, осындай нар тұлғаларға фестивальде «Алматының құрметті азаматы» деген атақ табыс етілді.

«Музарт» тобының «Сагындым Алматымды» әні. Бұл ән бірнеше буын өкілдерінің жастығын көз алдына елестетеді. Талай бозбала мен бойжеткен  арман қуып Алматыға келіп, білім алып, өмірден өз орнын тапты. Қаншама ғашықтар осында табысып, өсіп өнді. Сондықтан қала күні мерекесіне келгендер тек алма көрмесін тамашалап қана қоймай, жастықтарының куәсі болған әндерді тыңдап, бір жасап қалады.

Әлішер Әуесханов, Алматы тұрғыны:

Алматы мен үшін ыстық. Ол менің балалық шағымның отаны. Мен Алматыны ең сүйікті қалам деп санаймын. Алматыға тең қала жоқ.

Гүлмира Талшынова, Алматы облысының тұрғыны:

Алматыға жиі келіп тұрамын. Студенттік шағым, жастық шағым осы Алматыда өткен. Сондықтан Алматы – сүйікті қалам. Осында туған-туысқандарым тұрады. Балаларым студент болған. Қазірдің өзінде әлі де өмірім осы Алматы қаласымен байланысты.

Әсем қала Алматы жылдан жылға түлеп, өсіп келеді. Сәйкесінше,тұрғындар саны да артып, бүгінде қала маңында бірнеше аудан пайда болды. Заманауи үлгіде зәулім ғимараттар бой көтеріп, шетелдік қонақтардың да қызығушылығын арттыруда. Олар әрине, қалаға келгенде әлемге әйгілі Алматының алмасынан дәм татпай кетпейтіні анық.

Авторлары: Алма Оразбаева, Алуа Маханбет, Мұхит Құдыкбаев

Хабар 24 телеарнасы