389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2020 жылы 171 елді мекен көгілдір отынмен қамтылады

  • 304
  • UPD: 23:55, 17.09.2019

«Сарыарқа» магистральді газ құбырының бірінші кезеңі аяқталуға жақын.

Жыл соңында ұзындығы 1061 шақырым болатын Қызылорда-Нұр-Сұлтан жобасы мәресіне жетеді.

Сөйтіп, Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елорда тұрғындарын табиғи газбен қамту туралы тапсырмасы келер жылы іске асады. Осының нәтижесінде қала 35 мың тонна күл-қоқыстан арылады. Ал шағын және орта бизнес жаңаша дамиды.

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының бірі - Қызылорда облысынан Нұр-Сұлтан қаласына табиғи газ құбырын салу болды. Нәтижесінде, 2020 жылы елордадан бөлек, еліміздегі 171 елді мекен көгілдір отынмен қамтылады.

Айнұр Қуатова, «Бәйтерек» ҰБХ басқарушы директоры:

– Жоба 90 процентке орындалды. Бас мердігер рекордты қарым көрсетіп жатыр. Жыл соңында Елбасы тапсырғандай, жоба пайдалануға беріледі.

Бас мердігер – «Астанагаз». Мамандар 1061 шақырымды аз уақытта еңсеріп, қазір елорда маңындағы автоматтандырылған газ тарату стансасында қарқынды жұмыс істеп жатыр. Америкалық технологияның арқасында тәулігіне 8 шақырым құбырды дәнекерлеу мүмкіндігі бар.

Жарас Искаков, «Астанагаз ҚМГ» АҚ бас директорының орынбасары:

«Сарыарқа» жобасы бірнеше кезеңнен тұрады. Екінші-үшінші кезеңде Көкшетау қаласына шейін, әрі қарай Петропавл қаласына жеткізілуі тиіс.

Алғаш кезеңге 267,3 млрд теңге қарастырылған. Оның жартысынан көбін «Бәйтерек» басқарушы холдингі қаржыландырды.

Айнұр Қуатова, «Бәйтерек» ҰБХ басқарушы директоры:

– Былтыр инфрақұрылым бағытындағы 11 жобаны қаржыландырдық. Оның төртеуі энергетика, үшеуі көліктік логистика, тағы төртеуі газ құбырын тарту бойынша жүзеге асты.

«Бәйтерек» холдингі бұдан бөлек, өткен жылы түрлі қаржы көздерінің қолдауымен шикізаттық емес кәсіпорындарға 715 млрд теңге бөлді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Арман Ақшабаев, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы