389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте кәсіп ашқысы келетін аналар мен жастар 1% несиеге қол жеткізе алмай жүр

  • 261
  • UPD: 19:58, 20.09.2019

Шымкентте кәсіп ашамын деген аналар мен жастар 1% несиеге қол жеткізе алмай жүр.

Естеріңізде болса, осы жылдың ақпанында қала әкімдігі жеңілдетілген несие беру туралы айтқан болатын. Осы жобаны жүзеге асыру үшін ««Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жанынан «Бизнес-супермаркет» және e-commerce орталығы ашылды.

Алайда оның жұмысы көпшіліктің көңілінен шықпай отыр. Кәсіпкер болуға ниеттенгендер қағазбастылық пен түрлі кедергілерге тап болған. Ал жоба операторы «Даму» қоры қажетті қаржының әкімдіктен кеш бөлінгенін алға тартады.

«Бизнес-супермаркет» жобасы сәуір айында салтанатты түрде осылай ашылған болатын. Алайда кәсіпкер болуға ниеттенгендердің қуанышы ұзаққа созылмады. Сол кездегі қала басшылығы мен «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы кәсіп бастауға 1 процентпен жеңілдетілген несие беретінін және оның тек жастар мен әйелдерге тиесілі екенін де айтқан. Алайда сөз бен істе алшақтық байқалып, несие беру ісі сиыр құйымшақтанып, міне күз мезгіліне де жетті.

Біз де кәсіпкерлерге арналған маркеттің жұмысын көзбен көрмекке, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация отырған ғимаратқа келгенімізде, күзетшінің қарсылығына тап болдық.

Ішке әупірімдеп бас сұқтық. «Бизнес-супермаркет» қаңырап бос тұр. Бірлі-екілі маманнан басқа адам кезікпеді. Құжат тапсырып жатқан жан баласы жоқ. Дегенмен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мамандарының сөзіне сенсек, жоба басталған 4 айда 2563 азаматқа кеңес беріліп, 196 адам «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген.

Дана Естемесова, «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бас менеджері:

– Біз құжаттарды қабылдап, кеңес береміз. Әрі қарай адамдарға не істеу керектігін айтамыз. Қазір «Бизнес супермаркетке» келгендердің дені – әйелдер. Ал жастардың 40 пайызы кәсіпкер болуға ынталы. Қазір бәрі де ақшаның берілуін күтіп жүр. Біздің ұйым қаражат берумен айналыспайды. Біз осы жобада үйлестіруші оператор қызметін атқарып отырмыз.

Кәсіпкерлікке бет бұрғысы келген көп балалы ана Мереке Балтабаева бірнеше айдан бері құжат рәсімдеумен әуре-сарсаңға түскенін айтады. Ол тігін ательесін ашпақ болыпты. Бірнеше қысқа мерзімді курсты аяқтаған. Алайда қажетті қаржы қол байлау болып отыр.

Мереке Балтабаева, қала тұрғыны:

– Бизнес-жоспарды өзім жазып келсем, оны да жаратпады. Қағазбастылық көп. Сандалуы көп.

Бастапқыда «Мен кәсіпкер боламын!» бастамасына қала бюджетінен 600 млн теңге бөлінеді деген болатын шаһардың экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов. Бұл қаржы жастар мен әйелдердің кәсіп ашуына несие түрінде берілуі тиіс еді. Дегенмен белгіленген қаражат көлемі кейін қысқартылыпты. Тек шілде айының соңында ғана  200 млн теңге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына аударылды дейді қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасындағылар. Ал жоспар бойынша «Мен кәсіпкер боламын» жобасына қатысушылар маусым айында тиісті 1% несиелік ақшасын алып, кәсібін бастауы қажет болатын.

Үсен Исаев, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

– Сол кезде қалалық бюджетте қаржы тапшылығы болды. Енді ол мәселе шешілді деп ойлаймын. Бағдарлама мамыр айында бекітілді. Қаржы әр сессияда қаралады ғой.Шілде айында сессияда қаралды. Тамыз айында қаражат бөлінді. Келісімшарттар жасау рәсімдері жүргізіліп, Даму қорына тамыз айында аударылды. Енді Даму тарапынан банк анықталса, банк арқылы несие берілетін болады. Біздің жоспар бойынша кредит 100 адамға жетеді деп ойлаймыз.

Бағдарламаның қаржылық операторы болып бекітілген жергілікті «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры болашақ кәсіпкерлерге бөлінген қаржатты үлестіретін екінші деңгейлі банктердің әлі күнге дейін нақтыланбағанын айтып отыр.

Алмас Тастанов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының шымкент қалалық филиалының директоры:

– Бұл бағдарлама аясында қазіргі таңда екінші деңгейі банктермен келіссөз жүргізілу үстінде. Бұл қаражатты жобалап айтқан кезде 1 айдың төңірегінде кәсіпкерлерге жеткізіледі деген ойымыз бар.

Әзірге кәсібінің нәсібін көрсем деген халыққа қаражат қолбайлау болып тұр. Олар 1 пайыздық несиенің ауылы алыстап кете ме деп алаңдайды.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы