386,20 429,31 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-ға қарасты қанайлық тұрғындар ауыл болашағына алаңдаулы

  • 951
  • UPD: 22:38, 26.09.2019

Шығыс Қазақстан облысы Қанай ауылындағы психикалық денсаулық орталығының бөлімшесі өзге ауылдағы бос нысанға көшірілуі мүмкін.

Өйткені медициналық мекеме ғимараты әбден ескірді. Сырқаттарға сапалы қызмет көрсету басты міндет болғандықтан, бұл мәселені шешудің төте жолы осы, дейді облыс басшылығы.

Алайда Қанай тұрғындары бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы.

Қанай – өз тірлігімен отырған тау арасындағы әдемі ауыл. Мыңға жуық тұрғыны бар. Мектеп, балабақша, ойын алаңы сынды әлеуметтік нысандардан да құр алақан емес. Дегенмен соңғы айларда ауылдықтардан маза қашты. Барлығы да осындағы психикалық аурухана жабылып қала ма деп алаңдаулы. Өйткені бұл ауылда толықтай медбике, санитар, дәрігерлер тұрады десе де болады.

Валентина Микеевич, санитар:

– Жабылса біз не боламыз, қаңғырып қаламыз. Балаларымызды оқыта алмай қаламыз.

Күлмағира Қырықбаева, медбике:

– Біз қайда барамыз, екі-ақ жыл қалды. Зейнет жасқа жақындағанда мені жұмысқа кім алады?!

Альмира Рағызбаева, психикалық денсаулық орталығы бөлімшесінің бас дәрігері:

– Санэпидемиялық станция, өрт сөндірушілер келіп тексереді.Тексергенде, сәйкес келмейді деп жазып кетеді. Қаншама комиссия келеді. Республикалық комиссия жылына екі рет келіп тұрады.

Аталған аурухана 1940 жылдары бой көтерген. Жабық режімдегі мекеме. Сондықтан ішіне кіруге тыйым салынған. Сыртқы кейпі осы. Ескі барақтар қаусап, әрең тұрғанын байқау қиын емес. Кәріз құдығы жоқ. Қыста ішін кәдімгі пешпен жылытады. Сондықтан техникалық талапқа кереғар тұстары шаш етектен.

180 орындық аурухананың 90-ы әйелдерге, 60-ы ерлерге, қалғаны наркология бойынша мәжібүрлі ем алушыларға арналған. Басты міндет сырқаттарға сапалы әрі жайлы қызмет көрсету болғандықтан, ескірген мекемені маңайдағы Айыртау немесе Бозанбай ауылына көшіру жоспарланып отыр. Орталық жүре бара әлеуметтік медициналық мекемеге айналуы мүмкін. Бірақ Қанайдағы қызметкерлердің қайда баратыны белгісіз.

Мерхат Мұқышев, облыстық психикалық денсаулық орталығының басшысы:

– Бұл сұрақпен жергілікті билік айналысу керек. Біздің міндетіміз – науқастарға талапқа сай қызмет көрсету. Бозанбай немесе Айыртау ауылына көшірілсе, Қанаймен ара-қашықтық 10-15 шақырымды құрайды. Біз қызметкерлерді тасымалдайтын арнайы көлік бөлетін боламыз.

Ауыл мен ауыл арасында үздіксіз автобус жүріп тұрады дегенге мұндағы жұрт сенбей отыр. Зейнеткер Қияш Нәбиеваны да бұл шешім абдыратып тастапты. Әке-шешесі еңбек еткен ауруханада Қияш әжейдің өзі 40 жыл істепті. Енді бүкіл бала-шағасы, келіндері сол жерде жұмыс істеп жүр.

Қияш Нәбиева, зейнеткер:

– Бүкіл тамырымыз осы жерде, сондықтан оны жоғалтқымыз келмейді. Ауылымызда өздеріңіз көрдіңіздер, барлығы бар.

Жалпы осыдан 6 жыл бұрын бұл аурухана ғимаратын жаңадан салу туралы бастама көтеріліп, тіпті 3 жарым миллиард теңгенің жобасы да жасалыпты. Алайда қаражат жоқ деп кейінге шегеріліп келген.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы