389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе маңындағы ауыл тұрғындары құс фабрикасының қоқыс түтініне тұншығып отыр

  • 186
  • UPD: 08:29, 27.09.2019

Ақтөбе маңындағы Ясное ауылының тұрғындары қолқаны алатын қолаңса иістен зардап шегіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жақын маңдағы құс фабрикасынан шыққан қалдықтар әлсін-әлсін өртеніп, ауылды қою түтін басады. Тұрғындар құзырлы орган өкілдеріне шағымданғанымен, мәселе бірнеше жылдан бері шешімін таппай келген еді. Бұған дейін тілшілеріміз маусым айындағы кезекті арыздан соң эколог мамандардың тексеруге кіріскенін жеткізген болатын. Үш айдан астам уақыт өткеніне қарамастан жағдай өзгере қоймаған.

Мансұр Есқожин, тілші:

Таяқ тастам жердегі байланыс торабы – Ақтөбенің оңтүстік айналма жолы. Шаһар қақпаларының бірі. Ал, көз алдындағы айдын – жергілікті халық пен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындарының бірі – Ақтөбе су қоймасы. Біз қазір осы қос туристік нысанның дәл ортасындамыз. Бірақ өкінішке орай табиғаты тамылжыған, көк майса жер деп айтуға ауыз бармайды. Бұл Ақтөбенің құс фабрикасының қоқыс полигоны. Сондықтан еліміздің төртінші агломерациясы атанған Ақтөбеге кіру үшін жолаушылар қолқаны алатын қолаңса иіске шыдауына тура келеді.

Ал, жақын маңда орналасқан Ясное ауылы тұрғындары күнделікті құстың қалдықтары мен бықсыған түтінге улануда. Ағымдағы жылдың маусым айында жергілікті әкімдік пен эколог мамандарға шағым айтқанымен мәселе шешімін таппаған. Әсіресе, түн мезгілінде жағдай ушыға түсетін көрінеді.

Татьяна Мальцева, Ясное ауылының тұрғыны:

- Қазір күн салқындаған соң сасыған иіс азайды. Бірақ осыдан бір апта бұрын есік-тереземізді ашу мүмкін емес еді. Қыстың күні де жел құс фабрикасы жағынан шықса тұншығып қаламыз. Менің білуімше біздің арызымыздан кейін қоқыс сәл әрірек төгілуде. Бірақ бұл да мәселені түбегейлі шешпейді.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар құс фабрикасының бүгінгі басшылығы бірде-бір келі қалдықты полигонға төкпейтінін айтып, ант-су ішті. Осыдан екі жыл бұрын өндіріс технологияларын жаңартып, саңғытты өңдеу құрылғыларын орнатқан. Әбден кептірілген көңді тыңайтқыш ретінде егіс алқаптарына жеткіземіз дейді. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігін тексерген экологтар елу жылға жуық қолданылған полигонды жою туралы нұсқама берген.

Заузат Майлыбаева, облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:

- Аталған жер телімі бұл кәсіпорынның меншігіне тиесілі емес екендігі анықталды. Жергілікті атқарушы органдар құзіретіне жататын жер телімін бөлу мәселесі шешілуде. Арыз беріп және де рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Шамамен алдын ала жасалған есептер бойынша бір жыл, бір жарым жыл көлемінде уақыт керек.

Эколог мамандардың тексеруінен кейін кәсіпорын 126 мың теңге айыппұл төлеген. «Бұған дейін қолданылған қоқыс алаңын да тазартудан бас тартпаймыз», дейді.

Ерхат Тәженов, құс фабрикасының директоры:

- Бір-екі жыл ішінде жарты ғасыр бойы жиналған қоқысты толығымен жою мүмкін емес. Экология департаментіне өзіміздің жоспарымызды жолдадық. Оған сәйкес жұмыстар 5 жылға созылып, кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Бірақ бұл жоспар әлі бекітілген жоқ. Экология департаментінен жауап күтіп отырмыз.

Қос тарап бір-бірімен тіл табысқанша тұрғындардың есік-терезесін қымтай тұруына тура келеді. «Өңірдегі егістік иелеріне де тегін жатқан шымтезекті жарнамалап жүретін боламыз», дейді. Тасып алам деушілер болса, көліктеріне тиеп беруге әзір отырған жандар да бар.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы