388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы Шолпан ауылының тұрғындары биыл да ауыз сусыз қалды

  • 216
  • UPD: 20:07, 29.09.2019

Шолпан ауылында әлеуметтік маңызы бар құрылыс тоқтап тұр.

Шығыс Қазақстан облысындағы бұл ауылға ауыз су тарту үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, байқауда жеңімпаз деп табылған мекемемен 431 миллион теңгеге келісімшарт жасалған.

Алайда облыстық соттың шешімімен бұл құжат заңсыз деп табылып, басталған жұмыстар тоқтап қалды. Мемлекеттік аудит тексерісі құрылыс бөлімінің сатып алу туралы заңнаманы бұзғанын анықтаған. Осы олқылықтың салдарынан 1300-ден астам тұрғын сапалы ауыз судан қағылып отыр.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Шолпандықтар осындай азаптан биыл күзде жоспар бойынша құтылуы тиіс болатын. Алайда бұл арман орындалмай, өкінішке қарай, кем дегенде тағы бір жыл осылай құдықтан су басуға тура келіп тұр. Дәл қазір біз Ораз әулетінің келінінің қолын ұзартып, шайға су тасып береміз.

Ораз әулеті бау-бақша немесе мал суғаруға да құдықтағы суды пайдаланады. Әсіресе, қысқы уақытта қиын дейді тұрғындар. Ең бастысы, ауыз судың сапасы алаңдатады. Осыдан 2 жыл бұрын мектеп оқушылары жаппай сарыауру жұқтырғанда жұрт шошып қалған.

Кәлима Каимова, Шолпан ауылының тұрғыны:

– Биыл қаражат бөлінді деп қуанып едік. Ешқандай нәтиже жоқ ауызсуға байланысты. Жастарымыз үйленіп, отбасын құрып жатыр. Әлі күнге дейін қолмен құдықтан басамыз. Осыдан кейін ауылда қайдан тұрады балалар? Жылда шешіледі дейді, міне, әлі нәтиже жоқ.

Былтыр күзде байқауда жеңімпаз деп табылған мекеме бірталай жұмыс атқарған. 150 миллион теңгеге мұнара, су жинағыш салынып, құбырлар әкелінді. Алайда биыл жұмыстар жалғаспады. Байқауға қатысқан тағы бір компания мемлекеттік аудит департаментіне шағымданып, тексеру барысында құрылыс бөлімінің заң талаптарын бұзғаны анықталған.

Уатжан Секенов, Үржар аудандық құрылыс бөлімі басшысының м.а:

– Былтырғы жылы бөлінген қаражат толықтай игерілді. Алайда 2019 жылы 19 ақпанда сот шешімімен келісімшарт заңсыз теп танылды. Осыған байланысты құрылысты аяқтау мақсатында мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы арқылы ағымдағы жылы құрылысты аяқтауға конкурс берілді. 2020 жылы Шолпан ауылының тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

Қазір қалған жұмыстар құны 280 миллион теңгеге бағаланып отыр. Қайтадан жарияланған байқау қорытындысы қазан айында белгілі болады. Ал құрылыс келесі жылы аяқталады деп көзделген.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы