389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысы Сарысу ауданында шағын кәсіпкерлік дамып келеді

  • 177
  • UPD: 15:58, 30.09.2019

Оған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы ықпал етіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік жобамен жұмыс істеуге әсіресе, ауыл жастары арасында қызығушылық артқан. Биыл ауданда шағын несие алу үшін 73 адамға жолдама берілді. Сонымен қатар жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 89 адам қайтарымсыз грант алып, өз ісін бастады. Бұл азаматтардың 70%-і жастар.

Жобасын ұсынып, мемлекеттік грантқа ие болғандардың бірі – Айнұр Есентаева. Оның тігінмен айналысқанына 17 жылға жуықтады. Бастапқыда үйінде тапсырыстар қабылдап, перде тіккен. Кейін сұраныс артқан соң кәсібін кеңейтуге бел буды.

Айнұр Есентаева, кәсіпкер:

Сертификат алдым. Сөйтіп грант алдым. 505 мың теңге алдым. Машинкалар алдым. Мына екі машинканы. Үтігімді, тақтайды, тағы басқа керек нәрселерді алдым. Жабдық. Қазір енді шүкір. Клиент жаман емес. Болып жатыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Айнұр көп ұзамай мына бөлмені жалға алып, шағын тігін цехын ашты. Екі адамға жұмыс беріп отыр. Жас кәсіпкер ұлттық нақышта түрлі көрпе-төсек, қыз жасауын тігеді. Күніне 12 данасы дайындалады. Өнімге сұраныс жоғары. Қазір жергілікті тауар Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды сияқты ірі шаһарлардың нарығына жіберіле бастады.

Айнұр Есентаева, кәсіпкер:

- Таза мақтадан, қолдан тігілгеннен кейін соған сұраныс көп. Адамдар тазасын іздейді. Бағасына емес, сапасына қарайды. Қазір мен мысалға біреуге жақсылап істеп берсем, ол екінші мәрте қайталап келе береді. Сапасы нашар болса, ол қайтып келмейді. Сол жағына да мән береміз.

Жалпы Сарысу ауданында биыл мемлекеттік бағдарлама аясында 74 адамға шағын несие беру жоспарда. Оған 313 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Ал, жыл соңына дейін 198 тұрғынға қайтарымсыз грант беріледі.

Темірлан Әбдіраев, Сарысу аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Өтінім бергендердің ішінен 43 азамат 149 миллион 100 мың теңге қаржы алды. Қайтарымсыз қаржы алған азаматтар өздерінің жеке кәсіпкерлерін ашып, жұмыстарын бастады. Алдағы уақытта бізде тағы да 130 адам оқуын жалғастырып жатыр қазір. Осы адамдар да осы шараларға тартылатын болады.

Жергілікті жұртшылықтың 75%-і шағын несие мен грант қаражатын мал шаруашылығына салып жатыр. Өйткені өңір ата кәсіпті түлетуге қолайлы. Сондықтан ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлердің жылдам аяқтануына мүмкіндік жоғары.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы