389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің барлық аймағында дәрігерлер тапшы

  • 207
  • UPD: 20:52, 30.09.2019

Еліміздің барлық-дерлік аймағында дәрігер тапшы. Он емес, жүз емес, мыңдаған маман жетіспейді. Емдеу мекемесінің қайсысына бас сұқсаңыз да ұзын-сонар кезек, қажыған халықты көресіз. Жағдай қашан түзеледі? 

Бүгінде Батыс Қазақстан облысына 389 маман керек. Әсіресе, акушер-гинекологтарға, хирург пен кардиологтарға, анестезиолог-реаниматологтарға қажеттілік айқын аңғарылады. Ал биылдан бастап, ауылға барған әр дәрігерге 1 миллион теңге бөлінбек. Өзге де қолдау шаралары қолға алынған. Тағы бір өзекті мәселе емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту. Мәселен, 3 мыңдай тұрғыны бар тарихи мекен Хан Ордасы ауылында көлік мәселесі өткір тұр. Тұрғындар осыған облыс басшылығы назар аударса дейді. 

Сейсен Байзомов, Хан Ордасы ауылының тұрғыны:

- Медициналық көлік өте нашар. Бәлен жылғы ескі. Тіпті жүруінен жүрмеуі көп болар. Бізде ауылдан қашық 60-70 шақырымда пункттер бар малшылар. Олар ауырып қалса, оларға барып-келіп, жәрдем медициналық көмек көрсету өте қиын. Бұл енді аудан мәселесі ме, облысқа ма жаңа машина берсе деген тілек бар. 

Алматы облысына да медицина саласының мамандары қажет. Осы күзге дейін өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінде 400-ден астам дәрігер керек болған. Бос жұмыс орындарын толтыру мақсатында биыл 200-ден аса жас маманды тарту көзделіп отыр. Осы мақсатта ЖОО келісім шарт жасалып, түлектердің біразы аймақтарға келіп, қызметіне кіріскен. Дегенмен, бұл кадр мәселесін толықтай шешпейді. Өйткені емханаларда зейнет жасында келсе де еңбек етіп жүрген мамандар бар.

Бауыржан Ысқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Алматы облысында 2 млн аса халық бар. Оларға қызмет көрсететін мамандардың 11 проценті зейнет жасындағы және зейнет жасына жетіп қалған дәрігерлер. Сондықтан кадр мәселесіне қатысты сан өзгеріп отыруы мүмкін. Бірақ биыл жас мамандарды көптеп шақыртып, мәселені біршама жақсартамыз деп отырмыз.

Ақмола облысында да 400-ге жуық дәрігер жетіспейді. Мұнда негізінен хирург, балалар дәрігері, психиатрлар мен акушер-гинекологтар тапшы. Жақында аймаққа 54 жас маман келген. Олардың барлығы баспанамен қамтамасыз етіледі, - дейді, сала мамандары. Ал баспана ала алмаған дәрігердің пәтерақысының жартысын медицина мекемесі төлеп береді. Себебі биыл өңірде дәрігерлерге небәрі 58 пәтер ғана беру қарастырылған. Маман тұрақтамаған соң жергілікті билік балаларды өздері оқытып алуды жөн санап отыр. 

Әсел Қалдыбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Былтырғы 50 грант, биыл 2019-2020 жылдарға да тағы 50 грантқа бөлінді. Сонымен, 100 бакалавриат биылғы жылы оқып жатыр. Және акимат есебінен 35 резидентті оқытуға ақша биыл бөлінді. Оның барлығы, осы резиденттерге біз ақша бөліп жатырмыз. Ол кісілер оқиды, оқығаннан кейін біздің өңірге келіп, өз қызметтерін ары қарай жалғастыру керек. 

Айта кетейік, жергілікті бюджеттің есебінен білім алған студенттер, оқу бітірген соң сол аймақта кемінде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеледі. Олай болмаған жағдайда оқуға кеткен шығындарды өтеуі тиіс. Айта кетейік, жалпы, бүгінде еліміздің денсаулық сақтау саласында 200 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. 

Аймақтағы тілшілердің көмегімен Дамир Берікұлы

Хабар 24 телеарнасы