389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында браконьерлік деректері азайған

  • 164
  • UPD: 11:30, 02.10.2019

Жыл басынан бері Жамбыл облысында аң аулау талаптарын бұзудың 28 фактісі тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге азайыпты. Демек, саятшылық құратындардың жауапкершілігі артып, броконьерлердің саны азайды дейді мамандар.

Қоңыр күздің келуі аңшылар қауымы үшін ерекше уақыт. Саятшылық құрып, құс атып, аң аулау олар үшін нағыз мереке. Юрий Пашинин 20 жыл бойы бес қаруын асынып аңшылыққа шығып жүр. Кезекті маусымның ашылуын жылда тағатсыздана күтеді. Алдын ала қайығы мен атасынан мұра қалған мылтығын сайлап алады. Қолында барлық тиісті рұқсат қағаздары да бар. Әдеттегідей жолдаманы сатып алып, табиғат аясында тыныстап сүйікті ісімен айналысады. 

Юрий Пашинин, аңшы:

- Қаладағы өмір қажытады. Осындай кезде аңшылыққа шығып, бәрін бір уақыт ұмытасың. Ләззат аласың. Негізінен суда жүзетін жабайы құстарды аулаймын. Айдың ортасында шіл, қырғауылдарды атуға кірісемін. Әрине 90-жылдары аңшыларды ешкім тексермейтін. Тіпті мас күйде аңшылық жасайтындар болған. 

Қазір аңшылық үшін бар жағдай жасалған. Оның үстіне ереже бұзушылар да күрт төмендеген. Аймақта бүгінде арнайы 42 шаруашылық жұмыс істейді. Жергілікті аңшылардан бөлек Алматы, Түркістан облыстарынан келушілер сол жерлерде саятшылық құрып, аң атады. Әрқайсысының әрекеттері инпекторлардың жіті қадағалауында. 

Талғат Тоғызбаев, облыстық инспекция басшысының орынбасары:

- Жыл басынан бергі аралықта аңшылық ережесін бұзу бойынша 28 дерек тіркелді. Басым бөлігі аңшылық мерзімін бұзуға қатысты. Ресми алатын болсақ облыс бойынша 5 мыңдай аңшы бар. Астыртын түрде заңнан тыс аңға шығатындар бар. Олардың дені жергілікті тұрғындар. 

Кімде-кім жолдамаларда көрсетілген қағидаларды ескермесе, айыппұлмен жазаланады, дейді мамандар. 

Ғалымжан Рыспанов, облыстық инспекцияның бас маманы:

- Рейдтік тексерулер жасап қайттық Мойынқұм ауданында Заңсыз мылтық алып жүрген кісілер де болды. Оны біз дер кезінде алып, оған керекті әкімшілік хаттамаларын толтырамыз. Заңсыз, ешқандай рұқсат құжаттары жоқ мылтықтарын алып аудандық ішкі істер бөліміне тапсырамыз. 

Инспекторлардың пікірінше браконьерлікті жойып, бақылауды күшейтуде материалдық-техникалық базаны жаңарту күн тәртібіндегі мәселе. Мысалы, олар заң бұзушылықты тіркейтін бейнекамералар, әуеден барлау жасайтын дрондар және қосымша көліктерге зәру.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Анастасия Сүлейманова

Хабар 24 телеарнасы