389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талдықорғанда жаңа ықшамауданда 100 үй ел игілігіне берілді

  • 150
  • UPD: 21:21, 04.10.2019

Бүгін Талдықорғандағы «Береке» коттеджді қалашығында бой көтерген алғашқы 100 үй ел игілігіне берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған баспананың 70-і көпбалалы отбасыларға үлестірілді. Сонымен қатар шаһарда балаларға арналған бірнеше ойын алаңы ашылып, жаңа ықшамауданның негізі қаланды.

Бүгін Талдықорғандық 100 отбасы баспаналы болды. Екі қабатты жаңа үйдің кілті көпбалалы отбасылар, ауған ардагерлері мен кезегі келген тұрғындарға берілді. Қала күні мерекесінде шаттыққа кенелгендердің бірі – Ажар Исанова. «Алтын алқа» иегері 14 жыл бойы жалдамалы пәтерде тұрыпты.

Ажар Исанова, «Алтын алқа» иегері:

- Жалдамалы пәтерде кісі шақыра алмайтынсың, өз үйің емес, көсіле неғылатын, міне бауырларым, келіндерім келіп, қуанышымды бөлісіп жатыр. Қысылатын емес, кім келсе де есігіміз ашық. 

Нұрила Итаева, қала тұрғыны:

-Өз үйімізге кіріп, жердің де, үйдің де әр қабырғасы өзіңдікі. Енді ол толқынысты айтып жеткізу оңай емес.

Бұл күні қолданысқа берілген тағы бір нысан – ойын алаңы. Бұрын бос жатқан жер қазі салауатты өмір салтын ұстанатын жасөспірімдердің сүйікті орнына айналып үлгерді. Мұнда әткеншек, сырғанақ және 20-ға жуық жаттығу құралдары орнатылған. Бүлдіршіндер мен ата-аналар үшін де қолайлы жағдай жасалып отыр.

Гауһария Жапарова, қала тұрғыны:

- Мен өзім мына жерде 2007 жылдан бері тұрамын. Қаңырап бос жататын. Балаларға ойнайтын жер болмаған. Енді, міне, жақсы болды. Балаларым өсіп кетті, енді немерелеріммен осында келіп ойнаймыз. Көрші үйлерден де келеді. Бәріміз ризамыз.

Қаратал өзенінің екінші жағалауына да енді тұрғын үйлер салынады. Бүгін қала жұртшылығы «Шаттық» деп аталатын шағын ауданның іргетасын қалады.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Алғашқы кірпіші қаланған жаңа ықшамауданның жалпы аумағы 6 гектар. Бұл жерге «Нұрлы жер» бағдарламасымен 22 көпқабатты тұрғын үй, яғни 700-ден астам пәтер салынады. Құрылыс жұмыстарын 2022 жылы аяқтап, ел игілігіне беру жоспарланған.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы