389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін үлестіру тоқтатылды

  • 79
  • UPD: 08:31, 09.10.2019

Бұған себеп – тиісті коммуналдық желілердің болмауы.

Ол түгілі өткен жылдары берілген аудандарда тұрғындар көгілдір отын, ауыз су мен электр жарығына қол жеткізе алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мансұр Есқожин, тілші:

- Облыс орталығынан он шақырым жердегі бұл елді мекен тұрғындарын жергілікті билік екіге бөлген. Бір жағында коммуналдық желілердің барлығы жүргізілген болса, екінші бетіне өркениет аттап баспаған. Жер телімдері екі жылдан астам уақыт бұрын үлестірілгенімен, жолдың оң жақ бетінде баспана тұрғызған жандар әлі күнге дейін от жағып, ауыз суды тасып ішуге мәжбүр.

Жер кезегінде 12 жыл бойы сарылып күткен Жақсылық ақсақал тиісті телімге қол жеткізгеннен бері күнделікті құрылыс басында. Жасы жетпіске келгенімен, зейнеткер баспанасын өз қолымен тұрғызуға кіріскен. Алайда коммуналдық желілердің болмауы жұмысты едәуір кідіртіп тұр. Себебі электр жарығынсыз бірде-бір құрылыс техникасын қолдануға мүмкіндік жоқ. Балшық езетін суды да қаладан тасуға тура келеді.

Жақсылық Жахин,  қала тұрғыны:

Жарын көтеріп қойып, төбесін жаптық. Енді коммуникация жоқ. Сонымен отырмыз. Бірдеңе жасайын десең қорқасың. Ұрлайды барлығын. Сонымен отырмыз, міне. Ішінің әрлеу жұмыстарын жайлап жасап жатырмыз. Ендігі жылы бәрі болатын шығар, газ, жарық болатын шығар деп отырмыз. Ең құрығанда жарық болса ғой, Келе қалса, қазір-ақ көшіп келуге дайынбыз.

Рауан-2 ауылында бос жатқан жер жоқ. Құрылыс қарқынды. Бірақ барлық үй коммуналдық желіден ада. Жалпы Ақтөбе қаласы маңындағы 20-дан астам елді-мекенге тұрмыстық өркениеттің ізі жетпеген. Бұл салаға жауапты қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандары бар мәселе қаражатқа кеп тірелгендігін айтады. Ал, 146 мың адамға жеткен жер кезегі тізімі болса күн санап ұлғайып келеді.

Жәнібек Қабылов,  қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі:

Биылға жеке тұрғын үй құрылысы үшін он мың жер учаскесін табыстау жоспарланған болатын. Алайда, коммуникациялық желілердің болмауына байланысты тоқталып тұр. Жыл басынан бастап бес мың адам кезекке тұрды. Кезекке қою тоқтатылған жоқ. Коммуникациясы бар дайын учаскелер болғанда беріле бастайды.

Бірінші кезекте іргетасы қаланып, баспана салуды бастап кеткен үйлер орталық жүйеге қосылуы тиіс. Бұл мақсатта жобалық-сметалық құжаттары да дайын. Орташа есеппен 27 миллиард теңге қажет. Қаражат бөлінсе, құрылыс жұмыстары кешіктірмейді. Биылдың өзінде 9 жоба жүзеге асырылуда.

Болат Серіков,  қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:

- Осы жылға біздерде тоғыз жоба инженерлік желілер бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ол газ желілері Бауырластар-1, екінші кезекте Жаңа қоныс-2. Электр желісімен қамтуға Бауырластар-1, екінші кезекте  Бауырластар-3, Думан тұрғын массиві  және Жаңа қоныс тұрғын массиві.

Тағы 35 жобаны жоспарлап, қағаз бетіне түсіруге байқау жарияланған. Алайда олардың барлығы тек газ бен электр жарығын жүргізуге ғана тиесілі. Ауыз судың болар-болмасын бүгінде дөп басып айтар жан болмай отыр. Себебі Ақтөбеде гидрологиялық зерттеу жұмыстары кеңестік кезеңнен бері жүргізілмеген. Ауыз су қорынының жаңадан салыған шағын аудандарды қамтуға жетер-жетпесі белгісіз. Бұл да болса болашақта бас қатырар мәселеге айналары сөзсіз.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин  Молдабеков, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы