389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда қоғамдық көлік қызметі түзелмей тұр

  • 86
  • UPD: 09:57, 11.10.2019

Автобустарда кондуктор жоқ, ал техниканың 30 проценті бүгінде әбден ескірген. Жүргізушілер болса күніне 15-16 сағаттап, жұмыс істеуге мәжбүр. Мұнымен қоса жолаушыларға билет таратылмайды. Мәселе қашан шешімін табады? 

- А есть билеты у вас щас? Можете показать? Проездные? -Нет. Это долго искать! У меня времени не хватит. 

Қаладағы қоғамдық көліктердің көбіндегі көрініс осы. Жүргізушілер жолаушыларға жолда жүру құжатын таратпайды. Салдарынан қазынаға қаржы түспейді. Өйткені тасымалдаушылар нақты қанша пайда табатындарын көрсетпейді. Ал көлікті тізгіндегендер бұл жайында бізбен сұхбаттасқысы да келмеді. 

- Я без интервью. Почему? Ну потому что я интервью не даю. 

Қалалық әкімдіктегілер бір кездері аталған мәселені сотқа дейін жеткіземіз деп уәде берген еді.   

Ержан Ақанов, қалалық ТКШ бөлімінің бұрынғы қызметкері:

- Осы күнге дейін біз аталған фактіге қатысты материалдарды жинаумен айналыстық. Енді 15 ақпанға дейін  жағдай дұрысталмаса, істі сотқа жібереміз. Сәйкесінше тасымалдаушылармен келісім-шарт бұзылатын болады.   

Екі жылға жуық уақыт өтсе де жабулы қазан сол күйінде қалды. Себебі әкімдік қызметкерлері бұл іске тағы да бармақ басты, көз қысты қараған. Ал тозығы жеткен көліктерден тұрғындар әбден мезі болдық дейді.   

Фарзана Тляхова, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Қоғамдық көліктер тым кішкентай. Адам тез толып кетеді. Тіпті кейде симай жатады. Ескірген. Ішінде ешқандай жайлылық жоқ. Ал бұрын үлкен автобустар болатын еді. 

Бұл аз десеңіз, шағын автобустарда мүлдем кандукторлар жоқ. Яғни жүргізушілер екі жұмысты қатар атқарады. Мұнымен қоса олар таңғы сағат 7-ден кешкі 11-ге дейін көлікті тізгіндейді. Ал мұндай заң бұзушылықтарды қадағалап жатқан ешкім жоқ. 

Дастан Қазиев, қалалық ТКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Барлық кемшіліктерді анықтап, заң бұзғандарға  ескерту жасайтын боламыз. Жалпы 2021 жылға дейін қаладағы барлық қоғамдық көліктерді біз электрондық жүйеге ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Қазір бұл бағытта жұмыстар басталып кетті.  

Қоғамдық көлік қызметі түзеледі ме, жоқ па? Оны әрине уақыт көрсетеді. Жалпы бүгінде облыс орталығында 24 бағытқа күніне 275 көлік шығады. Ал оның 30 проценті әбден ескірген.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы